БАЛА ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ
Мәжіліс депутаттары кәмелет жасқа толмағандарды митингіге апарған ата-аналарды жазалауды қарастыратын заңға енетін түзетуді мақұлдады.
Бұған дейін сенат депутаттары рұқсат етілмеген акцияға балаларды ертіп апарған ата-аналарға 100 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 645 доллар) көлемінде айыппұл салу немесе он күнге дейін қамауды ұсынған еді.
Заң жобасына қосымша түсініктемеде Қазақстанда рұқсат етілмеген митингілерге кейбір ата-аналардың балаларын ертіп апаратыны жазылған. Құжат авторларының пікірінше, бұл балалардың денсаулығына, психикалық дамуына кері әсер етеді.
Бұған дейін сенат депутаты Сәуле Айтпаева рұқсат етілмеген митингіге қатысу балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін айтқан. Бұл қоғамда қызу талқыланған даулы мәселелердің бірі.
Азаматтық қоғам өкілдері "егер билік балаларға митингілерге баруға тыйым салса, онда Олимпиада, партия форумы сияқты ресми шараларда да балаларды тұрғызып қоюға тыйым салуы керек" деген уәж келтіруде.
Сурет интернеттен алынды