Ұтыс иесі марапатталды
Бүгін Қостанай қаласында вакцина алған тұрғындар арасында өткен акцияда Chevrolet Nexia маркалы автокөлік ұтып алған Рудный қаласының 69 жастағы тұрғыны Валентина Брумға темір тұлпардың кілті табыс етілді.
Кеше хабарлағанымыздай, оның 73 477 үміткердің ішінде жолы болған еді. Бүгін оған темір тұлпардың кілтін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Айтбаев табыс етті. Рәсім облыс орталығындағы «Қостанай Плаза» сауда орталығының алдында өтті.
«Шынын айтсам, бұл өмірімдегі ең үлкен тосынсый болды. Кеше ұйымдастырушылар телефон шалып құттықтағанда әуелде сенбегенім рас. Енді, міне, бүгін керемет көліктің кілті қолыма тиіп тұр, – дейді Валентина Брум. – Өзім осы жасқа дейін көлік рөліне отырып көрмегенмін. Бірақ, немерелерім бар, солардың біріне бұйырайын деп тұр. Ол жағын үйге барған соң ақылдаса жатармыз».
Валентина Федоровнаның немерелері Ресей, Германия елдерінде тұрады. Олар да аналарының қуанышты жаңалығын естіп, таяуда арнайы құттықтай келетіндерін айтыпты. Зейнеткер енді балаларының арасында кішігірім «ұтыс ойынын» өткізетінін айтып әзілдеді.
«Негізі, қызым денсаулығымды ойлап, вакцина қабылдауға асықпауымды өтініп жүрген. Дегенмен, өз еркіммен ел қатарлы екпе салуға шешім қабылдадым. Алғашқысын тамыз айында, екіншісін қыркүйектің ортасында салдырдым. Кері әсері болған жоқ, жайсыздық сезінген жоқпын. Оның үстіне, бұл шешімім ойламаған жерден үлкен олжаға кенелтті», – дейді В.Брум.
Қуанышты сәтке куә болуға зейнеткердің қызы отбасымен келген. Темір тұлпарды орталық алдынан күйеу баласы тізгіндеп әкетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараттық-аналитикалық бөлімінің жетекшісі Әнуар Едіресовтің айтуынша, алдағы уақытта тағы да нақ осындай ұтыс ойынын ұйымдастыру жоспарда бар.
Айта кетейік, облыста 1 ақпаннан бастап вакцинаның бірінші компонентімен 320 мың адам, екінші компонентімен 293 мың тұрғын егілген. Өңірде иммундаудан өтуі тиіс адамдар саны – 505 мың.
Осы уақытқа дейін облыстың екпе қабылдаған тұрғындары арасында 10 айфон ойнатылған.