Қауіпсіздік қатаң сақталса
Төтенше жағдай қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік қызметтер мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері халықтың әлеуметтік осал топтарымен өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізіп-ақ келеді. Күн суытты, алдағы суық маусымда тұрғындардың бірқатары пеш жағады, электр аспаптары мен сымдарын пайдалану кезіндегі тілсіз жауға қарсы талаптар аса мұқият орындалу керек. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тұрғын үй секторындағы жылыту маусымына дайындық тақырыбында өткен брифингте Қостанай облысы ТЖД бастығы Біржан Кәрімов өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңінің қорытындылары туралы айтты.
Биылғы 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында 10 347 отбасының (1 258 – көп балалы, 4 819 – аз қамтылған, 2 268 – халықтың қауқары аз топтары, 2 002 – жетім балалар) үйлерінде болып қайтыпты. 58 937 азаматқа нұсқау берілді, үй иелерінің рұқсатымен тұрғын үйді тексерген. 751 үйде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтар анықталды: жанғыш материалдарды жылыту құрылғыларының жанында сақтау, заттарды пештің үстінде кептіру және т.б. 271 бұзушылық бірден жойылған. Қайта жүргізілген аулаларды аралау нәтижелері бойынша 447 үй талапты орындамаған. Олар бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға ақпараттық хаттар жолданыпты.

Облыс аумағында орналасқан жеке тұрғын үйдің 60%-дан астамы қатты отынмен жылытылады екен. Өрттерді және олардың теріс салдарын азайту үшін облыстың елді мекендерінде аулаларды аралау жыл мезгіліне қарамастан іс жүзінде күн сайын жүзеге асырылады.
«Биылғы жылдың 10 айында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде құтқарушылар 184 702 адамды қамти отырып, 79 612 ауланы аралап шықты. Пештер мен түтіндіктердің ақаулығы, толық немесе ішінара ауыстыруды қажет ететін, тозған оқшаулағышы бар ескі электр сымдары, газ баллондарын пайдалану кезінде жол берілген негізгі бұзушылықтар анықталды. Бұл ақаулар дәстүрлі қысқы өрттердің көзі болып табылады», – деп атап өтті спикер.