Абай негізгі орта мектебінде қос ұстазға құрмет көрсетілді
Ұстаз болу бір бақыт. Жан жүрегіңмен қалап алған мамандығыңның жемісін көру одан да зор бақыт. Бүгін Қостанай ауданының Абай негізгі орта мектебінде қуанышты шара болды. Себебі осы мектептің дамуына үлес қосқан қос ұстазға арнап кабинет ашылды. Оның бірі – Шолпан Сайлыбаева болса, екіншісі – Гүл Сәрсенбаева апайымыз. Екеуі де бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, білімнің дәнін егіп, ұрпақ қамын құнттаған ізгі жандар.
Шолпан Нұғыманқызы жайында көп айтуға болады. Себебі ол кісі осы ауылда ең алғаш қазақ мектебінде сабақ берген ұстаз. Кішкентай ғана қоржын үйдің бір жағында өзі тұрса, екінші бөлмесін мектеп етіп, ауыл балаларының сауатын қазақша ашқан. Тек балаларға емес, ауылдағы үлкен-кіші де осы кісінің алдынан білім алған еді. Бұл сонау соғыстан кейінгі ауыр жылдар болатын. Сол қиыншылыққа қарамастан өз ісін жанындай жақсы көретін мұғалім апайымыз бала оқытты, жетеледі, білімге жол ашты, мектептің негізін қалады. Кейін осы кішкентай ғана білім ошағы керегесін кеңейтіп, үлкен мектепке айналды. Шолпан апай салған ізгі жол жалғасын тапты. Мектеп бала мен мұғалімге толды. Бүгінде ұстаздың өзі жоқ болса да сайраған өмір іздері жатыр. Өзі оқытқан оқушылары, ауыл азаматтары ол кісінің есімін ұмытпайды.
Ал екінші кабинет осы мектепте қырық жылға жуық тұрықты еңбек еткен Гүл Сәрсенбаеваның есіміне арналған. Енді орыс тілі мен әдебиеті кабинеті Гүл апайдың есімімен аталады. Гүл десе апайымыз гүл сияқты. Үнемі күліп жүретін жүзінде ерекше жылулық бар. Ұстазға тән қасиет бір бойында жетерлік. Бірде мейірмді болса, бірде талапшыл, бастысы бала жанын жақсы ұға білетін бағбан іспеттес.
-Осы мектепке жастайымнан келдім. Ең алғаш еңбек жолымды да осы жерден бастадым. Менің анам да мұғалім болған еді. Анамның жолын қуып мен де, менің балаларым да осы саладан табылдық. Бір орында, бір кабинетте 36 жыл еңбек еткен екенмін. Зейнетке шықсам да ұстаздығымды тастаған емеспін. Мен үшін ең бастысы баланың жан дүниесін түсіну. Мен қазіргі уақытта үшінші ұрпақты оқытып жатырмын. Бұл мен үшін зор бақыт, - дейді Гүл Хасенқызы.
Гүл Хасенқызының алған асулары жетерлік. Еңбек жолында талай атаққа қол жеткізді. Еңбегі бағаланды. Бірақ ол үшін басты сый оқушыларының жетістігі мен құрметі. Одан асқан қошемет жоқ.
-Бүгінгі күннің маңызы зор. Себебі біз ұрпақтар сабақтастығын көрсетіп, мамандыққа деген адалдықты ту етіп отырмыз. Мұндай құрметті біздің жастарымыз көрулері керек. Бұл жай ғана кабинеттің ашылуы емес, бұл өткенге құрмет, үлкенге ізет. Сондықтан алғашқылардың бірі болып осындай игілікті шараны қолға алып отырғанымыз қуантады. Кабинеттер есімі берілген педагогтердің туған туыстарының күшімен жабдықталды, – дейді мектеп директоры Гүлжан Батырханқызы.
Кабинеттер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған мектепке тағзым» жобасын іске асыру мақсатында ашылды. Кабинеттердің салтанатты түрде лентасы қиылғаннан кейін, қуанышты сәтке жиналған қонақтар оқушылардың концертін тамашалап, келген қонақтар лебіздерін арнады. Салтанатты іс-шараға қос ұстаздың туған-туыстары, аталмыш мектептің педагог-ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, Шолпан Сайлыбайқызының алғашқы оқушыларының бірі 84 жастағы Дәмен Атұлтанова апай бейне естелік арнады. Өткен шақты көзіне жас ала отырып еске алды. Шолпан апайдың өмір жолы оңай болмаған. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда жолдасынан ерте айрылып, бес баламен қалады. Соған қарамастан қазақ балаларына қазақ тілінде білім беріп, зерегін ашады. Бес баласын оқытып жеткізеді. Осы балалары бүгінде әр саланың майталмандары. Бүгінгі шараға арнайы келіп, аналарын ескеріп жатқан білім ошағына алғыстарын білдіріп, аналары туралы жылы естеліктермен бөлісті. Мектепке сый жасап, ризашылықтарын жеткізді.
Ал гүлдей жайнаған Гүл Хасенқызын бірге оқыған курстасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры, профессор Төлебике Аманжолқызы онлайн құттықтап, бірге істеген әріптестері де ақжарма тілектерін аямады.
Құшақтары гүлге толған ұстаздардың жүздері қашанда осылай жайнап, есімін шәкірттері ардақ тұтса өмір жолының зая кетпегені емес пе.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.