Саябақ жаңарып, аллея ашылды
Амангелді ауданының орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Тәуелсіздік» саябағы және Мемлекеттік Рәміздер Аллеясы ашылды.
Аудан орталығындағы «Наурыз» алаңының атауы «Тәуелсіздік» саябағы болып өзгертіліп, саябақ ішінен Мемлекеттік Рәміздер Аллеясы бой көтерді. Аталған жоба құны – 2 млн 500 мың теңге. Жобаны көп жылдардан бері туған жері Амангелді ауданында ірі әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсенділік танытып жүрген «Нұрай-Н» ЖШС директоры Тілеубаев Бақытжан Наменұлы қаржыландырды.
Іс-шараға аудан әкімі Талғат Карбозов бастаған жергілікті билік өкілдері, ауданның құрметті азаматтары, депутаттар, зейнеткерлер мен жастары және арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Саябақ ішінде рухани тағылымдық жиын өтіп, жиылған жұртшылық қарағай көшеттерін отырғысуға атсалысты.