МЕКТЕПКЕ ТАРТУ

Қостанайлық меценат Серікбай Бисекеев өзі оқыған №3 мектепке мектепке робототехникалық жиынтықтарды сыйға тартты. Бұл лего – шетелдік аналогтардан кем түспейтін отандық өнім. Енді оқушылар лего-құрастырумен еркін  айналыса алады. Мектеп оқушыларының қуанышына ортақтасуға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова  да барды.
-Серікбай Бисекеев – біздің жерлесіміз, оның бизнес бағыттарының бірі осы конструкторларды әзірлеумен байланысты. Оның міндеті – еліміздегі білім ошақтарын  отандық өніммен қамтамасыз ету. Бағасы өте қолжетімді. Заманауи құрылғыларды меңгеруге ең әуелі тиісті мамандарды оқытқан жөн деп отыр ол. Олай болмаған жағдайда робототехникаға арналған жиынтықтар қораптарда ашылмаған күйі қалуы мүмкін, – дейді Бақыт Есімова.
Расында да, сегіз робот жиынтығын жеткізумен қатар, мұғалімдер тегін оқып шықты және дидактикалық материалдарға қол жеткізді.
– Осы уақытқа дейін бізде екі жиынтық болды. Енді оның қатары  қосымша сегіз жиынтықпен толықты.  Ойыншықтар LEGO роботтарына ұқсас.  Олар компьютер арқылы басқарылады. Контроллер, түрлі бағдарламаға енгізілген датчиктердің  көмегімен роботтардың түрлі үлгісін жасауға болады, – дейді робототехника үйірмесінің жетекшісі Евгений Штанько.
Биыл тамыз айында Серікбай Бисекеев өзі туып-өскен Қамысты ауданының екі мектебіне жалпы құны 1,4 млн теңгелік  он  робототехника жиынтығын  сыйға тартқан еді. Оның үстіне кәсіпкер мектептер мұғалімдері үшін вебинар  өткізді.
– Бұл үйірмелер Қазақстанда одан әрі дамитын болады.  Мен кезекті жобаны жасай отырып, қол ұшын беруді ең бірінші өз Отанымнан бастау керек деп шештім. Сондықтан, өзім оқып, тәлім алған №3 мектептен және туған жерім Қамысты кентіндегі мектепке тарту етуім тегін емес. Жобалар іске қосылды. Балаларға көмектесуге және қолдау көрсетуге мен әрқашанда дайынмын.  Келешекте осы мектептен де мақтан етуге тұрарлық халықаралық мамандардың шығуына кепілдік беруге болады , – дейді кәсіпкер.  
Өзі оқыған мектепке барған меценат жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, олармен келешек жайлы, кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы кеңірек әңгімелесті.
Жалпы, соңғы жылдары облыста меценаттардың көмегімен жалпы сомасы 335 млн теңгелік 110 IT-сынып және робототехника кабинеттері ашылды. Екі колледжде инновациялық жабдықтары бар заманауи IT-орталықтар жұмыс істейді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓