Өз ісінің шебері

Айнұр Назаркенова – таяуда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолынан «Үздік мұғалім» марапатын алған өңірлік мамандардың бірі. Ол Жітіқара аудандық гимназиясында география пәнінен сабақ береді. «Менің гимназияда қызмет етіп жатқаныма 10 жыл. Барлық жетістігім осы оқу ошағымен тікелей байланысты. Ұжымымыз өте ұйымшыл, креативті, шығармашыл, оқу процесінде үнемі жаңа әдістемелер мен технологияларға ізденіс жасайды. Біріміз қандай да бір байқауға қатыссақ, бәріміз жан-жақты қолдау білдіріп отырамыз», – дейді Айнұр Қанапқызы.Ол мұғалім болуды жас күнінен армандаған. Оқушы кезінен ерекше белсенді болып, түрлі жобаларға қатысып, үнемі қоғамға пайдалы істің басы-қасынан табылыпты. Айнұр үшін ұстаз атану – тек білім саласында ғана емес, жалпы тұтас елдегі көптеген үдерістердің өзгеруіне себепші болу, өйткені ол білімді елдіктің іргетасы мен қолғалтқыш күші деп түсінеді. «Бұл байқауға дайындалу аса үлкен қиындық туындаған жоқ. Тек өзімнің жетістіктерім мен еңбектерімді жүйелеу аздап қолбайлау болды. Өйткені мен шығармашылық адамымын, үнемі қозғалыстамын. Бір бағынған белесімді місе тұтып отырмаймын. Сондықтан әсіби жұмысым барысында әр жетістігімді реттеп отыру қаперден тыс қалып жатады. Оның себебі бір жобаны аяқтай салысымен, екіншісіне бел шеше кірісіп кетіп жүретінімнен шығар. Жалпы, қалай болғанда да, осы жүлдені иеленгеніме ерекше қуаныштымын», – дейді марапат иесі.
Ол жүлдегер атануға ұжымының, туыс-достарының сенім артуы, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің сапалы әдістемелік қолдау көрсетуі зор ықпал етті деп есептейді.
«Бұл марапаттың мен үшін жауапкершілігі зор. Кәсіби тұрғыда шыңдалып, әлі де іздене түсуіме серпін беріп, мені қанаттандыра, шабыттандыра түсті», – дейді Айнұр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓