Жыл сайын Орталық Азияның мәдени астанасын таңдап отырайық – Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияны әлемге біртұтас мәдени кеңістік ретінде танытуды ұсынды.
«Өңірді біртұтас мәдени кеңістік ретінде таныту үшін жыл сайын Орталық Азияның «мәдени атанасын» таңдап отыруды ұсынамын. Бүгінгі Саммиттің қорытындысы өңірлік кооперацияның бейбітшілік пен қауіпсіздік, прогресс жолында дамуының жаңа парағын ашады деп есептеймін. Қазақта сөз бар: «Татулық – таусылмас бақыт», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан басшысы бұл бағыттағы байланыстарды нығайтуға аймақ елдерінің тарихи тамырластығы кеңінен мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Елдеріміздің уақыт сынынан өткен бауырмал әрі сенімге құрылған қарым-қатынасы, ортақ тарихи және рухани тамырымыз өзара достықтың сарқылмас қайнары боларына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.