Ауған азаматтары шекарада ұсталды
Қостанай облысында екі шетелдік азамат мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, «Учаске» жедел алдын алу шарасы аясында Қостанай облысының аумағында 1 қазан күні полиция қызметкерлері шетелдік азаматтардың заңсыз түрде ҚР мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге дайындалғанын анықтады.
«Ақшалай сыйақыға Ислам Ауған Республикасының екі азаматын еліміздің шекара ауданына жеткізуге көмектескен Қазақстан азаматы анықталды. Шетелдіктердің біреуінің азаматтығын растайтын құжаты болмаған. Аталмыш факті бойынша ҚР азаматына қатысты ҚР ҚК-нің 1-бөлімі 394-бабына (заңсыз көші-қон ұйымдастыру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды», – деді полициядан.
Ислам Ауған Республикасының азаматтарына қатысты қазіргі кезде тексеру шаралары жүріп жатыр.