Е-архив – цифрлық формат

Қазақстанда архивтік құжаттарды цифрлық форматта сақтайтын жаңа ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғабидолла Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Архивист мамандығына осы уақытқа дейін жіті көңіл бөлінбей келді. Оның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан да аз назар аударылды. Қазір біз е-архив жаңа ақпараттық жүйесін енгізудеміз. Оның негізінде барлық мемлекеттік органдардан деректер базасы және электрондық архивпен жұмыс істей алатын жоғары білікті IT-технологияларды меңгерген мамандардың жұмыс істеуі талап етіледі. Себебі Мемлекет басшысы Жолдауда архив қызметкерлерінің жалақысымен қоса біліктілігін де арттыруды міндеттеді. Жалпы архив жұмысын заманауи түрде ілгерілетудегі маңызды бағыттың бірі оны цифрлық форматқа ауыстыру. Яғни, барлық құжаттарды электронды форматта сақтауымыз қажет», – деді Ғ. Әбдірахманов.
Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысы шетелдегі елімізге қатысты архив құжаттарын зерттеуді тапсырғанын айтты.
«Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, арнайы кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында біздің мамандар шетелдік мұрағаттарға барып, ондағы құнды құжаттармен танысып жатыр», – дейді ол.
Бұған дейін Ғ. Әбдірахманов келесі жылдан бастап архив қызметкерлерінің жалақысы өсетінін мәлім еткен еді. 
«Шынын айту керек, архив ісімен сол салаға берілген адам ғана айналысады. Себебі, өзіңіз ойлаңыз жабық, қараңғы жерде ескі қағаздарды қопарып, тазалап және оны қалыпқа келтіріп отыру керек. Сондықтан да бұл іспен екінің бірі айналыспайды. Осы орайда архив ісі алға қойылып, мамандарға жағдай жасау керек деп ойлаймыз. Қазіргі таңда архив саласындағы қарапайым маманның орташа жалақысы 60 мың теңгенің айналасында. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың төменгі жалақысы 20 пайызға өседі», – деді Ғ. Әбдірахманов.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20 пайызға дейін өсіру керектігін тапсырған еді.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓