Шығармашыл жастар қайда жүр?
Шығармашыл жастарды қолдау-кез келген уақытта маңызын жоймайтын өміршең тақырып. Себебі кіші буын болашақтың иелері емес пе. Аға ұрпақты алмастыратын кадр да солар. Елдің ертеңін сеніп тапсырар жас буынның белсенділігі қандай? Мемлекет тарапына жасалып жатқан қолдау жеткілікті ме? Осы және өзге де мәселелер «Нұр Отан» партиясы ҚОФ жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.
Қостанай облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма, жастар бастамаларының орталығы және басқа да үкіметтік емес ұйымдар өңір жастарын қолдау мақсатында жұмыс істейді. Аталмыш мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар жыл сайын «Жайдарман» ойындарын, жас ақындар арасында айтыс және ұлттық ойындар сайысын ұйымдастырады. Күні кеше облыс аумағында «Жастар күні» фестивалі мерекеленді.
-Ауқымды шараның ұйытқысы болған Жастар бастамаларының орталығы еді. Бұл іс-шара ерекше нысанда өтті. Онда спорттық жарыстар, хип – хоп батл, брейк – данс, фотографтар сайысы болды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ашық аспан астында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Айшагүл Қаратаева.
Өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыруда бірнеше жобамен шектелу аздық ететін сияқты. Әсіресе, қазақ тілді жастарды қоғамдық-мәдени шараларға тарту, олардың белсенділіктерін арттыру керек-ақ. Себебі облысымыздың оңтүстік аудандарындағы жастар таза мемлекеттік тілде сөйлейді. Біз білмейтін таланттар сол шалғайдағы ауылдарда жүрген шығар?
-«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, шын дарындарды іздеп табу керек. Оларға біздің демеуіміз ауадай қажеті. Жастар шығармашылығын дамыту мен қолдау мәселесі өте өзекті тақырып. Партия Доктринасында «…мемлекеттік тілді, қазақ ұлтының мәдениеті мен тарихи мұрасын және дәстүрін дамыту – «Нұр Отан» партиясы қызметінің басым бағыты» деп жазылған,-деді «Нұр Отан» партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова.
Қоғамдық кеңестің қатысушылары шығармашыл жастарды қолдауға мақсатында бірнеше ұсыныстарды ортаға салды. Біріншіден, Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасына: 2016 жылы ұлттық ойындарды, актерлік шеберлікті, ақындар сайысын, «Домбыра-дастан» жарысын дамытып, насихаттау. Осы аталған бастамаларға оқушылар мен студенттерді, соның ішінде ауыл жастарын тарту. Екіншіден, жастар арасында қолданбалы өнердің қыр-сырына үйрету, ал дайын мамандарға қолдау көрсету. Бұл ұсыныстар тиесілі мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. Аталған іс-шараға Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар және шетелмен байланыс жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, Қостанай облысының тарихи-өлкетану мұражайының директоры Үміт Әкімбаева, «Таза бұлақ» қоғамдық қорының төрайымы, ақын, журналист Ғанижамал Бердалинова, «Жайдарлы жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марғұлан Бәкір, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова қатысқанын атап өткен жөн.
Қымбат ДОСЖАНОВА