Көтерме ақы көлемі артады

Қостанай облысында медицина кадрларын тарту үшін көтерме ақы сомасы ұлғайтылды. Нақтырақ айтқанда, қалаға жұмыс істеуге келгендерге берілетін сома 1 млн теңгеден бір жарым миллион теңгеге дейін көтерілмек. Болашақ ауыл дәрігерлері үшін бір жарым миллионнан екі миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл шара кадрлар тапшылығын шешуге мүмкіндік береді деген үміт бар. Қазір өңірге үш жүзден астам дәрігер жетіспейді. Дәрігерлерге көтерме ақы төлеу туралы шешім Қостанай облысының бюджетінен екі жыл бұрын қабылданған болатын. Сол кезде аймақ басшысы шенеуніктердің және денсаулық сақтау органдарының көтерме ақылар аймақтағы дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі деген уәждерімен келіскен еді. Практиканы жалғастыруға шешім қабылданып, жақында Қостанай облысы мәслихатының депутаттары облыстық бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерлерге және қалаларға жұмыс істеуге жіберілген медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мөлшерін өзгерту ұсынысн мақұлдады.
"Өткен жылы ауылға жұмыс істеуге барған мамандарға 1,5 миллион, қалаға келген кадрларға 1 миллион теңгеден төленді. Енді бұл сома ұлғайтылып отыр. Сессияда мақұлданғандай, сома 500 мың теңгеге ұлғайтылды", — дейді Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Зәуре Жұмабаева.
Қостанай облысында медицина кадрларының тапшылығы бұрыннан бар. Ресми мәліметтер бойынша, қазір ауруханаларға 308 маман жетіспейді. 80-нен астам маманға ауылдық жерлер мұқтаж.
"Өткен жылы бізге 170 дәрігер келді, оның 145-і ЖОО түлектері болса, 25-і – тәжірибелі дәрігерлер. Биыл облыстың медицина мекемелері 120 дәрігермен толығуы тиіс-тін, оның 81-і жұмысқа кірісті. 2020 жылы 128 қызметкерге 140 млн теңге төленді, биыл 245 млн теңге жұмсау жоспарланған", — деді Зәуре Жұмабаева.
Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта мәслихат шешімін әділет органдарында тіркеу рәсімі жүріп жатыр. Содан кейін ғана құжат ресми жарияланады. Шешім ресми жарияланғаннан кейін 10 күн ішінде күшіне енеді. Шамамен, төлем тағайындау шаралары қазан айында басталады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓