Тіл клубы Тобыл қаласында
"СөйлеТime" клубы Қостанай ауданына да жетті. Мемлекеттік тілді еркін форматта үйретуді көздейтін клубтың ашылу рәсімі аудандық Тілдерді оқыту орталығы базасында өтті.
Рәсімге Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Қасқабаев, "Тілдарын" облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлнар Талапова, Қостанай ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжан Бисақалова, ауданның еңбек сіңірген мұғалімі Роза Әбдіғамитова қатысты.
Клубтың ашылу салтанаты ресми және практикалық бөлімнен тұрды. Тәлімгерлер "СөйлеТime"-ның алғашқы қатысушыларына мақсаты мен міндетін, ерекшелігін түсіндіріп, қызықты сергіту ойынын өткізді. Қазақ тілін еркін үйренемін деушілерге клуб есігі әрдайым ашық.
Айта кетейік, клуб бұған дейін Рудный қаласында, Қарабалық, Жітіқара және Меңдіқара ауданында ашылған еді. Бүгінде жалпы саны жүзден асатын адам "СөйлеТime" арқылы қазақ тілін меңгеріп жатыр. Клуб әлі де қанатын кеңге жая түспек.