Этнобайқау жеңімпазы анықталды
Рудныйда дәстүрлі «Ұлт аруы» этнобайқауы өтті. Дәстүрлі сында бұл жолы тәжік ұлтының өкілі, екі баланың анасы Наргиз Нурпейсова жеңімпаз атанды.
Этношоу – сұлулық пен таланттар байқауы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды мекендеген түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін паш ететін шара. Оның негізгі кезеңдері онлайн форматта, ал жүлдегерлерді анықтау мен салтанатты марапаттау рәсімі ашық түрде өтті.
Қызықты жәйт, биыл «Ұлт аруы» үміткелерінің басым бөлігі декреттегі жас аналар болып шықты. Олар заманауи әйел бала бағып, ошақ қасында отырып-ақ тартымдылығы мен нәзіктігін жоғалтпайтынын іс жүзінде дәлелдеді.
Қатысушылар түрлі фотосессиялар мен этнороликтердің түсіріліміне қатысып, қазақ, орыс, түрік, беларус, грузин, украин, неміс, ұйғыр және тәжіктің ұлттық мәдениетін кеңінен таныстырды.
Байқаудың қорытындысы бойынша «Skyjump» батуттық орталығының жетекшісі, 29 жастағы Наргиз Нурпейсова «Ұлт аруы» атанды.
– Бүгінгі жеңісім – өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі. Жалпы, 2021 жыл мен үшін жемісті басталды. Көп оқыдым, еңбектендім, іздендім, талаптансаң биік мақсаттарға жетуге болатынына көзім жетті. Конкурсқа келсек, барлық кезеңдер өте қызықты, әрі әділ өтті деп ойлаймын. Қатысушылармен қарсылас емес, жақсы дос болып кеттік, – дейді жеңімпаз.
Этношоуда дауыс беру нәтижесі бойынша Ангелина Янова көрермен көзайымына айналды. Барлық 10 үміткер арнайы аталымдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ