Жеткіншекке аю шабуылдады
Қостанай ауданындағы "Радуга" демалыс базасында 5 жасар қызды аю тістеп алды. Оқыс оқиға туралы жапа шеккен жеткіншектің туыстарының әлеуметтік желіге жазғанын хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Туысқандарының айтуынша, 5 жасар баланы ата-анасы демалыс базасында торда қамаулы тұрған аюды көрсетуге апарған. Анасы қызымен бірге жыртқыш аңды тамақтандырғысы келеді. Ұрғашы аю әуелде жуастық танытқан. Кейін қыз бала тордың маңына анасынсыз жақындапты. Сол кезде аю баланың аяғынан шап беріп, тістеген жерінен айырылмай қойған", – делінеді хабарламада.
Жан даусы шыққан балаға ата-анасы мен өзге демалушылар жүгіріп жетеді. Бүлдіршін жыртқыш аңның азуынан аман құтқарылды. Аю оның сирағын тістеп тастаған. Дереу олыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
ПД қызмекерлері ақпараттың расталғанын және Қостанай аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК 114-бабы ("Денсаулыққа абайсыз зақым келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап санкциясы бойынша, 80 АЕК көлеміне дейін айыппұл тағайындалуы мүмкін немесе осы көлемдегі шығынға пара-пар болатын түзету жұмыстарына жегіледі, не болмаса 20 тәулікке дейін қамауға алу жазалары қарастырылған.
Айта кетейік, аю туралы жергілікті БАҚ-та екі жыл бұрын жарияланған еді. Жыртқыш аң демалыс базасының қазіргі иесі Александр Панинге нысанның бұрынғы қожайындарынан қалған көрінеді.
Қазіргі уақытта ұрғашы аю сол база аумағында торда қамаулы тұр, оның маңайына сақтыққа шақыратын тақталар орнатылыпты.
Кейінірек облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қыз баланың жағдайы аса ауыр.
"Ауырлық жарақаттың, зақымның, травматикалық және геморрагиялық соққылардың сипатына байланысты болып отыр. Бала жан сақтау бөліміне жатқызылды. Шокқа қарсы іс-шаралар өткізілгеннен кейін балаға операциялық бөлме деңгейінде көмек көрсетілді. Әзірге орган сақтаушы операциялар жүргізілді. Жағдай бұрынғысынша өте ауыр деп бағаланып отыр", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.