QazVac-тың штамдық құрамы өзгереді

Коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасының құрамы өзгереді. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық вакцинаның авторы Күнсұлу Закарья мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің ел аумағына дельта штамы келген сәттен бастап, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес оны зерттеуге кірістік. Клиникаға дейін зерттеу жануарларға жүргізілді. QazVac-тың штамдық құрамын өзгерту арқылы жануарларға жүргізілген зерттеу жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми рұқсатын күтіп отырмыз. Яғни QazVac құрамындағы Ухань штамын Дельта штамына ауыстыратын боламыз. Зерттеу нәтижесімен танысып, министрлік рұқсат берген жағдайда, QazVac-тың келесі партиясы жаңа құраммен дайындалады. Әрине біздің ғалымдар тәуекелге барып отыр. Дегенмен тәуекел ақталып, оң нәтижеге қол жеткізіп отырмыз», – деді Күнсұлу Закарья ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, отандық вакцина құрамындағы штамды ауыстыру және оны жануарларға сынау жұмысына 2 ай жұмсалған.
Бұған дейін К. Закарья отандық вакцинаны үш кезең бойынша клиникалық зерттеудің аяқталғанын мәлім еткен еді.
«Бүгінде үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеу аяқталып, 9 шілде күні соңғы талдау нәтижесі алынды. Шілденің соңына дейін талдау нәтижесі тағы бір өңделіп, мәліметтердің статистикасы жасалды. Бұл жұмысқа 3 мың адам қатысып отыр. Сондай-ақ, шілденің соңында клиникалық зерттеудің қорытынды есебі әзірленді. Қазіргі күні қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр, оның нәтижесі әлі келген жоқ. Дегенмен біздің әзірлеген есепке қарап, алғаш отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілді деп айтуға болады», – деді Күнсұлу Закарья ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, отандық ғалым QazVac-тың үшінші кезеңіне қатысты қорытынды есеп оң баға берілген жағдайда отандық вакцина туралы ғылыми мақалалардың жарық көретінін айтты.
«Егер QazVac-тың үшінші кезеңі бойынша барлық клиникалық зерттеу есебін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мақұлдаған жағдайда біз қазақстандық вакцина туралы көпке танымал журналдарға мақала жария етпекпіз. Мақсат- отандық ғылымның жетістігін дәріптеу. Әзірге қандай журнал және мақаланың қай уақытта жарияланатыны белгісіз», – деді ол.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓