Манас. Машақат пен марапат

Қостанайлық жас күйші Манас Темірбаевты Түркияда кездейсоқ кездестірдік. 12 жасар жеткіншек өнерпаздардың дүниежүзілік байқауына қатысып, үш бірдей жүлдеге ие болыпты. Дарынды домбырашы Еуропада өтетін бірнеше өнер байқауына шақырту алған. Алайда ол енді Түркия мемлекетінің намысын қорғамақ. Өйткені, Манастың ата-анасы ұлының өнер жолын Анадолы елімен ғана байланыстырады. Бәрін басынан бастайық.
 
Себеп пен салдар
Кейіпкеріміз Манасқа дәрігерлер «туабітті жүрек ақауы» диагнозын қойған. Сәбидің небары үш айында жүрегіне ашық ота жасалған. Сынақ мұнымен біткен жоқ. Үш жастан асқан кезде денсаулығы сыр бере бастайды. Дем алуы қиындап, пневмонияға ұласты. Екінші рет, төрт жасында, Ресейдің Томск қаласында тағы да ота жасалады. Бұл жолы операцияны америкалық кардиохирургтер ресейлік әріптестерімен бірііге өткізген. Сәтті шықты деуге болады.
Манас алты жасында Қостанай қаласы М.Хәкімжанова атындағы орта мектепке барды. Кейін Қостанай ауданының Заречный орта мектебіне ауысады. Оның анасы Меруерттің айтуынша, Манастың денсаулығы үшін Түркияға көшіп кетуге тура келді.
«Отанымыздан жыраққа кету туралы ойламап едік. Бірақ тағдыр тауқыметі осыған апарды. Шыны керек, еліміздегі медицинаның жайы белгілі. Біздің ұлымыздың күтімін жасай алатын медицина мекемесі табылмады. Жүрегіне ота жасау үшін квота бөлінгені жақсы болар еді. Бірақ біздің елде ондай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Амал жоқ, өзіміз қаражат таптық. Сөйтіп, барлығын сараптай келе Түркияға қоныс аударуға шешім қабылдадық», – деді Меруерт Әнуарбекқызы.
Сөз арасында айта кетейік, Манас – Ыбырай Алтынсариннің ұрпағы. Дәлірек айтсақ, оның нағашылары Қанқожа биден тарайды. Мұны Манастың анасы Меруерт Бақытжанова былай түсіндіреді: «Менің атам – Қанқожа, одан Қылышбай, Қылышбайдан Мінайдар, Мінайдардан Бақытжан, Бақытжаннан Едіге туады. Менің атам – Мінайдар Қылышбаевтың немересі. Едіге атам мені жанынан тастамайтын. Шежірені жақсы білетін».
 
Манастың марапаттары
Сонымен, Манастың отбасы 2021 жылы Түркияның Анталия қаласына көшіп келеді. Анталия – Түркияның қазақтар көп орын тепкен ортасы. Статистикаға сүйенсек, екі жылдың ішінде мұнда он бір мың қазақ отбасы қоныс тапқан. Міне, солардың бірі – Темірбаевтар отбасы. Манас Түркияға келген күннен бастап домбырасын қолынан тастаған емес.
«Ұлымды өнер жолына әкелген – Қостанайдағы «Жұлдыз» студиясы. Оның ішінде белгілі өнер ұстазы Арыстанбай Қожанұлы Өмірзақовтың орны ерекше. Арыстанбай ағамыз Манасты домбыраға баулып, күй өнерін сүюге үйреткен жан. Сол кісінің арқасында Манас 9 жасында облыстық, республикалық байқаулардан гран-при жүлдесін иеленді. Түркияға келген кезден бастап баламыз бірнеше сайысқа қатысып үлгерді», – дейді Манастың анасы.
Жас күйші былтыр Стамбұлдағы Босфор консерваториясының халықаралық байқауында бірінші орын алып, ұстаздарын бір қуантты. Оның жетістігін еліміздің ақпарат құралдары жарыса жазды. Іле-шала Манастың есімі халықаралық «MUSICAL and DANCE» байқауында тағы бір танылды. Ол аталмыш сайыстың финалына шыққан еді.
Өнерпаздың өңірге танылған кезі дүниежүзілік ұлттар фестивалі болатын. Бес күндік байқауда ол «Көңіл толқыны», «Салтанат», «Көрұғлы», «Кербез сұлу», «Ерке сылқым», «Құлагер», «Қосбасар» күйлерін нақышына келтіре орындап, үш бірдей ауқымды жүлдеге ие болды. Оған ең алғашқы болып Стамбұл башканының (әкімі) сыйлығы берілсе, артынша Босфор консерваториясының арнайы жүлдесі тапсырылды. Дәл осы сахнада ол Чехия, Македония және Черногория елдерінде өтетін Дүниежүзілік ұлттар фестиваліне шақырту алды.
«Баламның қуанышында шек болмады. Бұл байқауға Манас Қазақстанның атынан қатысқан жалғыз домбырашы еді. Кейін бізге Түркия мәдениет одағының бас президенті Набей Өндер деген кісінің атынан ең жоғарғы деңгейдегі жүлде тапсырылды. Сонымен қатар Манасты Босфор консерваториясының ректоры қонаққа шақырып, студенттер мен консерватория ұстаздарына «Көрұғлы» күйін ойнап беруін өтінгені бар. Мұны өнерге деген, талантқа деген құрмет деп түсіндік», – деп ағынан жарылды Меруерт Әнуарбекқызы.
Міне, біздің Манас он жасында-ақ Стамбұлды мойындатты. Бұған жерлесіміздің иеленген жүлделері мен Анадолы елінің құрмет қағаздары толықтай дәлел. Жақында ол Анталия өңірінің әкімімен бірге Манавгат қаласына ағаш егу рәсіміне қатысып келді.
 
"Анашым, елге қайтайықшы…"
"Бірде шаруаларыммен дүкенге шығып кетіп едім. Үйге келсем, Манас домбырасын құшақтап, жылап отыр. Бірдеңе болып қалған екен деп, бірден қасына барғанымда: «Анашым, туған жерімді, Арыстанбай ағайымды (Арыстанбай Өмірзақов – ред.) қатты сағындым. Елге қайтайықшы, бәрін сағынып кеттім», – дейді. Ұлыммен бірге мен де жыладым. Елге қайтып барғымыз келеді, бұл туралы күнде ойланамыз. Манастың әкесі де осыны айтады. Туған жерімізде тұрғымыз келеді. Бірақ, әзір қолымыздан ештеңе келмейді. Баламыздың денсаулығы үшін Түркияда қалуымыз керек. Шындықты айту керек, қазір Манастың денсаулығын қарай алатын елде ешбір медициналық мекеме жоқ. Туғанынан бастап, дәрігерлер жүрегіне ауыр диагноз қойды. Ел астанасының кардиохирургтары ота жасаудан бас тартты. Сол себепті Ресейде жасаттық. Қазақстанда Манасқа «мүгедек» анықтамасын беру үшін жыл сайын комиссиядан өткізеді. Баламыздың жүрегінің 80 пайызы жасанды ғой. Соған да қарамастан айдан анық нәрсені дәлелдеп жүргенің. Міне, осылардың бәрі жиылып келіп, Түркияға әкелді бізді. Әйтпесе, туған елден жыраққа кету жоспарымызда болмаған еді", – дейді Манастың анасы.
P.S. Меруерт Бақытжанованың бір тілегі – мүгедек балалардың емі үшін квота алу. Манастың анасы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, осы мәселені қозғамақ. Жыл соңына қарай Манасқа Анталия қаласының Ақдениз университетінде ота жасауы мүмкін. Егер Түркияның медициналық мүмкіндіктері жарамаса, жас күйші Германия немесе АҚШ дәрігерлерінің «пышағына» түседі.  
 
Материалды әзірлеген Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді Меруерт Бақытжанова ұсынды
Қостанай – Анталия – Стамбұл – Қостанай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓