Төраға есебі тыңдалды
Рудный қаласындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледж қабырғасында қалалық ардагерлер кеңесінің соңғы 6 жылда атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Белсенді аға буын өкілдері 2015-2021 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарлар қатарын түзді.
Қаладағы көптеген мәселені шешуде ардагерлер кеңесінің рөлі зор. Сол себепті кездесуде талқыланған тақырып көп. Зейнеткерлердің құқығын қорғау, оларға материалдық және рухани көмек көрсету, өскелең ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеуде аға буын өкілдерін үлгі ету – маңызын жоймас мәселелер. Кездесу барысында есеп берген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов жоғарыдағы мәселелерге жылдар бойы қолдау көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Есеп беру барысында төраға ардагерлердің қатысуымен ұйымдастырылған шаралар, спорттық жарыстар мен шығарылған рухани кітаптар жайлы баяндап берді.
– Қаламыздың 60 жылдығын тойлаған сәт қарттарымызға мол қуаныш сыйлады. Бір топ ардагер қала күнінде шерудің басын бастағанда бүгінгі ұрпақтың көрсеткен құрметі мен айтқан алғысы қарияларымызды жасартып жібергендей болды. Рудный қаласының 60 жылдығына арналған арнайы медаль бірінші болып осы ардагерлерге табысталды. Қаланың іргетасын қалаушылар мен соғыс ардагерлері туралы кітап жарық көрді. Ардагерлер кеңесі қаланың көркін жақсарту мақсатында 60 түп ағаш екті. Сонымен қатар, қаһармандарымыздың есімдері жазылған құрмет тақталарын орнаттық. Өкінішке қарай, біреулер ол тақтамызды шимайлап, сызып кетіпті, қала басшылығының қолдауымен оларды қайта ретке келтіріп жатырмыз, – дейді Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.
Бұл – атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Қала, тіпті облыс деңгейінде өтетін әлеуметтік және рухани бағыттағы шаралардың басым бөлігінде осы қалалық ардагерлер кеңесі үлкен белсенділік танытып жататыны белгілі. Бұл туралы кездесу барысында қала әкімінің орынбасары да нақтылап айтып кетті.
– Қалалық ардагерлер кеңеңсінің төрағасы Сәлімгерей Сұлтанғазыұлының есебін тыңдау біз үшін өте қызықты болды. Әрине, 6 жылдағы атқарылған есепті бір сәтте айтып берудің өзі оңай емес. Әлеуметтік, рухани, спорттық, мәдени бағыттарда өте ауқымды шаралардың басында осы ардагерлеріміз тұратыны ешкімге сыр емес. Бүгінгі таңда қаламызда 23 мыңға жуық зейнеткер бар. Олардың көбісі қаламыздың кешегі күні мен бүгінгі өркендеуіне өз үлестерін қосқан азаматтар. Олардың бастамасымен көптеген мәселе көтерілді. Бірқатар көшелер жарықтандырылды, жаяу жүргіншілер жолақтары салынды. Көшелерді абаттандыру, қала тұрғындарына қолайлылық жасау бағыттарында осы қалалық ардагерлер кеңесі көптеген жұмыс атқарып, үнемі жанашырлық танытып келеді. Қала басшылығы да бұл кеңестің айтар шағымын мүмкіндігінше қанағаттандырып келеді, – деді Азамат Ысқақов.
Жиын барысында қалалық ардагерлер кеңесі мүшелерінің де есебі тыңдалды. Игерілген қаражаттың мәліметі беріліп, болашақта атқарылатын жұмыстардың жобасы түзіліп, ардагерлер кеңесінің міндеттері бекітілді.
Жарасқан НҰРЫБАЕВ
Суретті түсірген Елена АРТЕМОВА