“Албарбөгет” Үкімет қамқорлығында болады
Торғай даласын қапталдай ағып жатқан егіз қозыдай екі өзен бар. Қабырға-Торғай деп аталады. Осы Қабырға өзенін халықтың игілігіне жарату үшін оны Торғай елінің тумасы су маманы Айса Нұрманов деген азамат 1924 жылы ел ағаларымен осы өзенді бөгеу жөнінде ақылдасқан болатын. Ақылдасқан ел ағалары Рысалдының Ибрахимы, Ұлбайдың Мақаны, Жұмабайдың Бекмұраты, Төлекенің Әлиі, Дүйсеннің Әбілдасы, Иманберлінің Мырзағасы, Шопаның Жетпісбайы, Жұбантайдың Нұрманғалиы т.б ел ағалары. Сөйтіп бұл іс 1924 жылы басталып, 1926 жылы халықтың қол күшімен салынып бітті. Айса Нұрманов бөгет салу мәселесін Торғайдың уездік жер суландыру басқармасы алдына мәселе етіп қойып, оның басшысы Андиров деген кісі мұны құптап, тиісті қағаздарын әзірлеп, бөгет салудың рұқсатын алып, оған көрсетілетін көмек жайында арнаулы қаулы қабылдады. 1926 жылдан бері Қабырға өзені Тор-ғай еліне қызмет етіп келеді. Албарбөгеттен шыққан су Көкалат, Аралбай, бұрынғы мал бордақылау совхозы, "Торғай" совхозы, Ақшығанақ, Торғай елін сумен қамтамасыз етіп, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына жетіп, су аяғы құрдымға кетеді. Албар-бөгет осы жылы республикалық балансқа алынды. Бөгет Үкіметтің қамқорлығында болады.
Рәш
ӘБІШЕВА