Жанділдә МАҚАНОВ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтын қазығымыз – РУХАНИЯТ

МакановБиыл тамыз айының соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлытауға арнайы сапармен барып, үлкен сұхбат берді. Қазақтың қасиетті бір мекенінде тереңнен ой қозғап, ұлтымыздың болашағы туралы ұтымды пікірлерімен бөлісті.
Зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдары Елбасы сұхбатының мәні мен мағынасына үңіліп, өздерінің лебіздерін білдіріп жатыр.
Біз Мемлекет басшысының сұхбатынан туындайтын міндеттер және оларды өңірлік деңгейде іске асырудың бағыттары туралы өз көзқарасымызды білдіргіміз келеді.
Ел Президентінің сұхбаты негізінен 5 тақырып аясында өрбіді: олар – еліміздің тарихы, діні, тілі, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, әлемдік ахуал-ға байланысты Қазақстанның болашақтағы даму бағдары.
Осы аталған бағыттардың барлығы бойынша мемлекеттік саясаттың басымдықтары нақтыланған. Бұл өз кезегінде бізге аймақтық деңгейде атқарылатын жұмыстардың ауқымын белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Әрине, бұл бір күнде туындаған немесе бір жолғы шарамен аяқталатын шаруа емес.
Біздің облыста идеологиялық жұмыс саласында бірқатар істер атқарылып жатыр.
Ыбырай Алтынсариннің алғашқы жаңа үлгідегі мектеп ашуының 150 жылдығына, тың және тыңайған жерлерді игерудің 60-жылдығына арналған шаралар, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының 60 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңындағы Естелік эстафетасы, облыстың белгілі тұлғаларының мерейтойлары – бұл биыл-ғы жылдың еншісіне тиген ауқымды шаралардың бір бөлігі ғана.
Біздің болашақта атқаратын жұмыстарымызды Елбасы сұхбатына сәйкес 3 бағытқа топтастыруға болады.
Бірінші бағыт – ақпараттық жұмыс.
Облыстың бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы сұхбатында берілген тұжырымдамалық түсініктерге байланысты ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде газет беттерінде ұлттық тарих, дін, тіл тақырыбында арнайы айдарлар ашылып, бірқатар сюжеттер мен бағдарламалар жүзеге асуда.
Алдағы жылы "Ассамблея жылы" және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы негізгі ақпараттық тақырыпқа айналмақ.
Ақпараттық жұмысты жүргізу кезінде журналистермен қатар, білікті сарапшылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлеріне орын беруіміз керек. Сонымен қатар, қарапайым халықтың өміріне етене жақын, күнделікті тұрмысқа пайдалы ақпаратты таратуға ерекше назар аударғанымыз абзал.
Осы орайда, редакцияларда қалыптас-қан игі дәстүрлердің ұтымды тұстарын пайдаланатын боламыз. Мәселен, "Қостанай таңы" облыстық газетінің тарихи, танымдық, руханият тақырыбындағы материалдары "Қостанай таңының" кітапханасы" деген арнайы сериямен кітап ретін-де жарық көріп келеді. Күні бүгінге дейін "Тұмарымыз – Түркістан", "Біз-дің елдің жігіттері", "Армысың, алтын таң!" атты кітаптар оқырманға жол тартты. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын тауып, еліміздің, жеріміздің тарихына, облыстың жылнамасына қатысты деректер жинақталып, оқырмандарға ұсынуға болады.
Биылғы жылы "Қазақстан-Қостанай" облыстық телеарнасында жергілікті контентке негізделген материалдарды насихаттауға ерекше мән беріліп отыр. Қазіргі таңда "Ыбырай оқулары. Таным мен тағылым" атты мерейтойлық түсірілім диск түрінде шығарылып, облысқа келген қонақтарға сыйға тартылуда. Жуырда өткен "Туған жерім – тың өлкем" атты халық шығармашылығы өнерпаздарының фестивалі толық нұсқада түсірілді. Гала-концерт  облыстық телеарна эфирінде таратылып қана қоймай, арнайы дискімен шығарылып, облыстың презентациялық жинақтарына енгізу жоспары бар.
Екінші бағыт – әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа облыстық және өңірлік бюджеттерден бөлінген қаражат жыл сайын ұлғайып келеді. 2014 жылы әлеуметтік тапсырыс жүйесі бойынша 9 басқарма, 20 әкімдік жұмыс жасап жатыр. Соңғы жыл ішінде әлеуметтік тапсырыс көлемі 113 млн. теңгеден 166 млн. теңгеге дейін немесе 47%-ға өсті.  
Келесі жылы бұл жұмыс жалғасын табады.
Осы ретте азаматтық қоғам институттарының назарын ұлттық тарихты дәріптеуге, мемлекеттік  тілдің  қолданыс аясын кеңейтуге, діни экстремизмнің алдын алуға, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбие-леуге аударған жөн деп санаймыз.
Әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында шығармашылық зиялы қауым өкілдері,  ғалымдар,  этномәдени  бірлес-тіктер мүшелерінің әлеуетін тиімді пайдалана білуіміз керек.
Осыдан туындайтын үшінші маңызды бағыт – қоғамдық-саяси жұмыс.
Бұл бағыт идеология саласында атқарылатын жұмыстарды меңзегенімен, барлық салаларды қамтуы тиіс деп санаймыз.
Алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты елді еріксіз ұйытып, барлық мүдделі тараптарды бір арнаға тоғыстыратын ерекше  тарихи  даталарды атап өтеміз. Бұл атаулы күндер шеңберінде ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым, бизнес құрылымдар мен кәсіподақтар өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдары, білім және мәдениет мекемелері тың бастамалар көтеріп, іргелі істермен ерекшеленетініне сенім артамыз.
Елбасы сұхбатының түйіні – "Мәңгілік ел" құру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару болса керек.
Ел бірлігі – ұлағатты істердің ұйытқысына,  жасампаз бастамалардың алтын қазығына айналуы тиіс.
Бастысы – бұл қадамдардың барлығы болашаққа арналған, соған байланысты жастарымыздың  тікелей қатысуымен атқарылғаны абзал.
Ел Президентінің Ұлытау төрінде берген сұхбатының басты ерекшелігі – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан руханиятына негізделіп, қазіргі жаһандану заманының талаптарына сәйкес ұлтымыздың әрі қарайғы даму үрдісіне жол сілтейді.
Осы орайда, мәлімет үшін айта кетейік, біздің қолымызға түскен деректердің негізінде әрі қазақ қоғамының ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ халқының руханиятын құрайтын негізгі 10 ұғымды қарастыруға болады. Олар:
1) Табиғатқа бас ию;
2) Еріктік;
3) Теңдік, яғни "Дат, тақсыр!" – дала демократиясы;
4) Ар-намысты жоғары ұстау;
5) Қанағат, тәубе категориялары;
6) Батырлық;
7) Дүниеде болу;
8) Қиналғандарға қол ұшын беру;
9) Үлкенді сыйлау;
10)    Қоғамдық мүддені өз мүддесінен жоғары ұстау.
Біз өзімізге жеткен осы руханиятты өскелең жас ұрпаққа аманаттап тапсырсақ, олар өз кезегінде тәуелсіз еліміздің тұғырын іргелі істермен бекемдесе, ата-бабаларымыздың арманы орындалып, Елбасы сенімінің ақталғаны сол болар.
Бүгіндер халық тарихқа ден қойды. Мұның өзі жаһандану мен ақпараттық дәуірдің белгісі болса керек. Айта кетейін, мына жарық дүниеге келген әрбір адам өзінің кім екенін, ата-баба тарихын, тіршіліктегі адамзат баласына әсер еткен маңызды деген оқиға-жайттарды білгісі келеді. Кезінде қазақтың ұлы ойшылы, теңдесі жоқ жырау Мөңке би "тарихы жоқ халықтың отаны да  жоқ деп" кесіп айтқан еді. Біз бүгін Керей мен Жәнібектен басталатын Қазақ мемлекеттігінің тарихын түгендеп жатқан халықпыз. Мына кеңбайтақ Қазақ жерінің тұтастығын сақтау үшін біздің баһадүр бабаларымыз қаншама жаумен жолбарысша жұлысып, арыстанша алысты. Біздің даңқты хандарымыз мен билеріміз алыс та жақын шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізіп, мәмілегерлік шараларға ұйтқы болды. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Елбасының Қазақ елінің шекарасын шегелеуі – теңдесі жоқ оқиға. Астанасын Еуразия құрлығының ортасына орнатты.
Еліміздегі жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтты, тіршілігін тамаша етті.
Еліміз тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына қадам басты. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенмен осындай қысқа мерзімде Қазақ елі ғасырларға тең жолдан өтті. Енді бүгін сол жүріп өткен жолды саралау мүмкіндігі бар, яғни қалыптасқан мемлекеттің мәні неде, нақтылы тәуелсіздіктің негізгі  кезеңдері қандай, біз қандай қателіктерге жол бермедік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды?
Елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық іргелі шаралардың бастауында Елбасы тұр.  ОБСЕ саммиті, әлемдік дін қайраткерлерінің форумы, ЭКСПО – 2017, "Қазақстан – 2030", "Қазақстан – 2050" стратегиялары және басқа бүкіл әлем назарын аударған шаралар Елбасының интеллектуалдық күш-жігері негізінде жүзеге асты. Бүгін біз Мемлекет басшысының бауырлас халықтарды Кеден одағы шеңберінде топтастырып, орасан зор бітімгершілік миссияны ойдағыдай атқарғанын көріп отырмыз. "Қазақстан – 2050" стратегиясында біз мемлекетіміздің дамуында руханият мәселесі экономикалық және материалдық жағдаяттан кем соқ-пайтын даму кезеңіне қадам бастық деп атап көрсетілді. Олай болса қазіргі кезеңде рухани мәселелер ең басты маңызға ие болды. Рухы мықты елдің ғана тұғыры нық болады. Ұлытау төріндегі сұхбат та бізді соған үндейді.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓