Басты талап – ішкі нарықты қамту

Қазақстанда көкөніс экспортына шектеу қойылуы мүмкін. Өнімдерді шекара асыруға квота енгізуді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ұсынды. Ол осы шара тауар бағасының қымбаттауы мен жетіспеушіліктің алдын алады деп болжайды. Аграрлы аймақ ретінде Қостанай облысына да бұл өзгерістің ықпалы тиері сөзсіз. 
Үкімет отырысында сөз алған министр қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында шекаралас елдерде көкөніске сұраныс артатынын айтты. Сондықтан жаппай экспортқа шектеу қойылуы қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімі негізсіз қымбаттай бермеуі үшін әкімдіктер мониторингті күшейтуі де қолға алуы тиіс. Бизнес өкілдері тарапынан құнды шекті бағадан асырмауын қатаң бақылауда ұстау керек. Мұның сыртында, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арасында тауар жеткізу жөніндегі аймақаралық кооперацияларды нығайта түсу шарт.
Бұл үшін ережеге өзгеріс енгізіп, тұрақтандыру қорларымен тауар айырбасына рұқсат берілуі қажет. Мұнымен қоса, Сұлтановтың сөзінше, Қазақстанда жуа мен орамжапырақ бағасы бағынбай тұр. Атап айтқанда, жуа жыл басынан бері 23 теңгеге, орамжапырақ 20 теңгеге қымбаттаған. Баға жаппай жиын-терімге байланысты осы айдың аяғына қарай қайта төмендеуі ықтимал.
Министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны да жыл басталғалы 10,3%-ға қымбаттаған. Осыған байланысты Сұлтанов отандық көкөністерді экспортқа шығаруға шектеу қоюды ұсынып отыр. Алайда шешім әзірге қабылданған жоқ.
Ал Қостанай облысында жыл басынан бері көкөніс бағасы қалай құбылды? Құн тұрақтылығын сақтау шараларының нәтижесі қандай? Дәл қазіргі уақытта қымбатшылық мәселесі жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқанымызбен, өкінішке қарай, қолма-қол жедел мәліметке қол жеткізе алмадық… Дегенмен, облыс орталығындағы көкөніс пен жеміс сататын бірнеше сауда нүктесіне бас сұқтық. Сатушылардың барлығы дерлік бағаның біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын айтады. Мәселен, «Садовод» дүкенінің саудагері Айгүл Шалова өнімдердің жаз басындағы құннан әлдеқайда арзандағанын тілге тиек етті.
«Мәселен, маусым айларында қызылшаның келісі 600 теңгеге дейін өсіп кетіп еді. Қазір бұрынғы бағасына түсіп, 200 теңгенің маңайына оралды. Басқа көкөністердің бағасы да арзандай түсті. Басқа сауда нүктелерін қайдам, бізден сауда жасайтын тұтынушылар өнімдеріміздің құнына жаман пікір айтпайды», – дейді сатушы.
 Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысындағы бюросының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында өсімдік өнімдері мен азық-түліктің ЕАЭО елдеріне экспорты жалпы сауданың 2,5%-не тең болған. Осы мерзімдегі сауда айналымы 1125,2 млн АҚШ долларына тең болған.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓