Мектеп директоры күдікке ілінді

Қостанайдағы №112 мектептің директоры Оксана Миколенко 2 млн теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Қылмыстық істі қалалық №2 сот қарап жатыр. Ол алғашқы сот отырысында тағылып отырған айыпты мойындамайтынын айтты.
Іс материалы бойынша, Миколенко екі жыл бойы өз бұйырығымен мектеп педагогтары мен техникалық қызметкерлердің бос қызмет орны ставкаларын қол астындағыларға үлестіріп келген. Мәселен, биология пәнінің мұғалімін қосымша аула сыпырушы етіп тағайындап, қазақ тілі мұғаліміне аудармашылықты алып берген. Мұндағы мақсаты – қызметкерлерге қосымша табыс табуына мүмкіндік беру де емес, жеке пайдасына жарату. Бухгалтер қызметкерлерге қосымша ақыны аударып, ақша шоттарына түскеннен кейін ат-жөнсіз қайтарып беруге міндетті болған. Айыптау мәліметінше, ол қаржыны директор өз игілігіне жаратып отырған.
Прокурордың айыптау актінде айтылғандай, ол 2019 жылдың қаңтар айынан бері заңсыз әрекетін жалғастырып келген. Ай сайын 80-нен 185 мыңға дейін пайда көріп отырып, екі жыл ішінде 2 млн 75 мың теңге қалтасына басқан. Қол астындағы қызметкерлер жұмыстарын сақтап қалу үшін тіс жармай келіпті. Ал Миколенконың өзі тағылып отырған айып негізсіз деп бет бақтырмады. Енді жәбірленушілерден сұрау алынбақ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓