Лисаков – 50: жарты ғасырдың жарқын белесі
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Өңіріміз үшін ғана, емес, еліміз үшін маңызды саналатын жас, жаңа Лисаков қаласы өзінің жарты ғасырлық тойын атап өтуде. Тарихи орынға орналасқан шаһар өзінің атағымен алыс-жақын шетелдерге де танылып үлгерді. Әрине, пандемия кең көсіліп тойлауға мүмкіндік бермек емес. Десе де туған қаласына іңкәрлікпен қарайтын лисаковтықтар бұл атаулы күнді елеусіз қалдырған жоқ.
Қала күні «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Атадан балаға жеткен мұра» атты қолөнершілердің фестивалімен бастау алып отыр. Оған Лисаковта тұратын ісмерлер қатысып, қазақ халқының байырғы өнер-мәдениетін көпшілікке паш етті. Ән-күй мен би сән-салтанатына ұласқан өнершілер думаны Қазақстан халқының материалдық және рухани өрістеуіне кең жол ашары анық.⠀
Лисаковтың жаңа әкім Абай Ибраев та биыл қаланың туған күнін алғаш рет қарсы алды.
– Бүгін Лисаковті жайлылық және абаттандыру деңгейі бойынша тек еліміздегі ғана емес, бүкіл посткеңестік мемлекеттердегі ең үздік қалалардың бірі деп атауға болады. Шаһарымыз әрдайым құрметпен қарайтын жергілікті азаматтардың арқасында дамып келеді десек, артық айтқандық емес. Лисаков қуатты экономикалық және мәдени әлеуетке ие. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты біз қала күнін бұрынғыдай карнавал, жұлдыздардың қойылымын өткізіп тойлай алмаймыз. Індет өтіп, бәрі бұрынғыдай болуына тілектеспін, – деді қала әкімі құттықтау сөзінде.
Бүгін қала күніне арналған бірнеше байқау жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. 50 жылдыққа арналған үздік логотип конкурсында Дмитрий Криницкий жеңіске жетті. Артем Ручкин мен Владимир Артемьев фото байқаудағы жеңісі үшін марапаттарға ие болды.
"Лисаков қаласының Құрметті азаматы" атағына қалалық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнара Әбдірашева және "Лисаков монтаждау фирмасы – Имсталькон" ЖШС директоры Артур Миллер ие болды. "Жомарт жүрек" сыйлығы бойынша Алексей Аман "Жыл меценаты", Альберт Рау "Жыл адамы", Виктор Соложенков "Туған өлке" және" Қазмырыш "филиалы – "Шаймерден" АҚ ұжымы алды.
– Мен үшін бұл сыйлық үлкен тосынсый болды. Бұлайша ұйымдастырушылардың назарына іліккенім зор мәртебе. Біздің кәсіпорын жыл сайын қалаға көмек көрсетуге барын салып келеді. Мысалы, биыл тұрғындарға материалдық көмек көрсетілді, жатақхана пайдалануға берілді, онда қызметкерлер тегін тұрады, – деді "Жыл меценаты" атанған Алексей Аман.
Сондай-ақ, бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Лисаков қаласының 50 жылдығы құрметіне Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанаты өтті. Аталған монумент биік тутұғыр, Елтаңба және мемлекеттік әнұран мәтіні және ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы қысқаша ақпарат жазылған тақтайшадан тұрады. Жаңа нысан халық арасында патриотизм сезімін арттыруға, сондай-ақ ел тәуелсіздігінің символына ізет пен құрмет көрсетуге бағытталған.
Үстіміздегі жылы 12 наурызда алаңның орналасқан жері, сондай-ақ тутұғыр орнату бойынша жоба мақұлданып, Жол картасы әзірленді. Оған 5,2 млн теңгеден астам бюджеттік қаражат бөлінді. «SmartTradeLTD» ЖШС-мен 4,2 млн теңгеден астам сомаға шарт жасалды Бір ай ішінде жұмыстар аяқталды. Ал «Папертный» ЖК-мен іргелес аумақты абаттандыру бойынша 944 мың теңге сомасына қосымша шарт жасалды.
Ал бүгін мерейтойдың тағы бір парасы – велошеру басталды. Апта соңына дейін Лисаков қаласында тағы бірнеше мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіледі.