Қандастар Қостанайға қоныстануы мүмкін
Кабулдан Алматыға келген 35 қандас қазір екі апталық карантинде. Оларды Қазақстанның бес аймағы қабылдауы мүмкін. Тізімде Қостанай облысы да бар. Бұл туралы Aibat ақпарат қызметі хабарлайды.Ауғанстаннан келген этностық қазақтарға бір реттік 200 мың теңге жәрдемақы және баспана жалдауға қаржы беріледі. Арнайы квота бөлініп, қандастар Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстануы мүмкін. Олар әзірге карантинде жатыр, бірақ, СЭС мәліметінше, барлығының ПЦР-тесті таза болып шыққан. "Отбасының бір мүшесіне 70 АЕК (2021 жылы 204 190 теңге), одан әрі бір жылға дейін тұрғын үйді жалға алуға 30 АЕК-тен бөлінеді. Яғни, олар бес өңірге жіберіледі. Біз оларға бәрін түсіндірдік, заңнамалық түрде көрсеттік. Әрине, бірінші кезекте олардың ұсыныстары ескерілетін болады", – деді Алматы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Ол атап өткендей, қандастар өздері қалаған жерде өмір сүре алады, бірақ содан кейін олар квота көмегіне иек арта алмайды. Сондай-ақ, қандастарды оқыту, жұмысқа орналастыру және бейімделуге көмек көрсету мәселелері әлі пысықталуда.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қыркүйекте Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Әуе күштерінің арнайы борты Кабулдан Алматы әуежайына 41 жолаушымен келген еді. Олардың ішінде Қазақстанның төрт азаматы, БҰҰ-ның бір қызметкері және 35 қандас бар. Қазақстан СІМ бұған дейін эвакуациялық рейсті ұйымдастыру "Талибан" қозғалысымен (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) арадағы келісім аясында жүзеге асырылғанын атап өткен болатын.