Миллион мәрте жүгінген
Жыл басынан бері қостанайлықтарға миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің ТОП-5 тізіміне ЭЦҚ ресімдеу, азаматтарды құжаттандыру, көлік тіркеу және жүргізуші куәлігін алу, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқылылықты тіркеу кіреді. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қостанай облысындағы филиалы мәлімдейді. Өңірдегі барлық ХҚКО арқылы ұзын саны 447 456 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, әр бөлімде орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында азаматтар 314 443 қызмет алған. Бұл – қостанайлықтар электронды үкімет порталы арқылы өз бетінше алатын анықтамалар мен құжаттарды қоспағандағы деректер.
Төменде 2021 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ең танымал мемлекеттік қызметтердің рейтингі берілген:
1. ЭЦҚ алу – 153 875;
2. Автокөлікті есепке алу / жеткізу және мемлекеттік нөмірлік белгілерді рәсімдеу – 51596;
3. Тіркелген жылжымайтын мүлікке құқылылық – 39034;
4. Жүргізуші куәлігін алу – 31781;
5. Тұрғылықты жері бойынша тіркелу –13033.
«Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді eGov порталында онлайн алуға кеңес береміз. Әсіресе, қарт адамдарға өздерін вирустан барынша қауіпсіздендіруге және мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға шақырамыз. Бір айта кетерлігі, бірінші және екінші санаттағы мүгедектер, 65 жастан асқан адамдар, ҰОС қатысушылары және мүмкіндігі шектеулі балалаға мемлекеттік қызметтер алу үшін ХҚКО қызметкерін үйге шақыру қызметі бар. Бұрын оны 70 жастан асқан азаматтар ғана пайдалана алатын. 2020 жылы короновирус пандемиясына байланысты өзгерістер қабылданып, үйге шақырту құқығына ие азаматтар қатары артты», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қостанай облысы филиалының директоры Қанат Төлепұлы.
2021 жылдың басынан бастап, облыстық филиалының қызметкерлері үйге шақырту функциясы бойынша 1777 рет мекенжайға барып, 1958 қызмет көрсеткен. Ең сұранысқа ие қызмет түрлері – азаматтарды құжаттандыру, сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алып беру.
Мемлекеттік корпорация қызметкерін үйге шақыру үшін азамат немесе оның қамқоршысы 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, қызмет алуға өтініш қалдыруы керек. Содан кейін онымен корпорацияның мамандары хабарласады, олар қажетті құжаттардың бар-жоғын нақтылайды және мемлекеттік қызметті үйде көрсету күні мен уақытын белгілейді. Тәртіп бойынша, қызмет өтінімді алған сәттен бастап, 7 жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілуі керек.