Елбасы: “Нағыз тәуелсіздік – ол тілдің де тәуелсіздігі”

Латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне қатысты мәселеде нақты іске кірісу қажет. Отандық БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. латын-әлЕлбасы өз сөзінде латын графикасындағы әліпбидің маңыздылығына тоқтала кетті.
«Тәуелсіздік алған күндердің басынан бастап айтып келе жатырмыз осы мәселені. Нағыз тәуелсіздік – ол тілдің де тәуелсіздігі. Мұның бері жағында бүкіл дүниенің 70 проценті сол әліпбимен жұмыс істейді. Біріншіден, бұл  –ғылымның, технологияның, интернеттің әліпбиі. Бұл әліпби қазақтың тіліне қаншалықты пайда әкелетінін жазушылар, журналистер жақсы біледі. Екіншіден, кириллицаның ішінде бізде қолданылмайтын әріптер бар. Ол жағын да ойлауымыз керек. Үшіншіден, біз өркениетті елдердің арасында қосылып, 30 дамыған елдің қатарынан көрінеміз десек, солармен бірге болуымыз керек қой. Сондай-ақ, қазақ тілін басқа халықтардың үйренуі үшін де бұл әліпбидің пайдасы бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда бұрынғы жарияланған кітаптарды интернет арқылы жаңа әліпбиге аудару қиыншылыққа түспейтінін ескертіп өтті.
«Бұл мәселеде «неге, қалай?» деген сұрақтарды қойып, нақты іске кірісу керек. Халықтың көпшілігі, 95 пайыздан көбі осыны қолдады. Әсіресе, өз халқымыз. Кирилл қарпі де қалай жұмыс істеді, солай жұмыс атқара береді. Бізде бірінші сыныптан бастап балалар үш тілде оқиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. 2025 жылға қарай мектеп бітірушілердің барлығы жұмыс атқара алатындай деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Онда ешқандай мәселе туындамайды. Барлық мектептерде бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Қандай әліпбимен оқытылады? Латын әліпбиінде. Сондықтан, балалар оны тез меңгереді», – дейді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге, латын әліпбиіне көшкен түркі тілдес ағайындардың жетістігін атап өтті.
«Мен «Егемен Қазақстан» газетіне, қазақ тілді басылымдардың бір бұрышында сол тілмен жаза беруді ұсынамын. Ел оқи берсін. Өзім кабинетімде отырып, Абайдың сөздерін латын әліпбиімен жазамын. Бастапқыда оңай болмайды. Көшенің аттарын, ауылдың атттарын ептеп сол әліпбиге көшіреміз. Газеттердің бір бұрыштарында сол әліпбимен жазылар болса, елдің сол арқылы тілі жаттығады», – дейді ҚР Президенті.
Елбасы кездесу барысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жөнінде пікір білдірген болатын. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓