Изолятордағы интернет-дүкен
Қостанай тергеу изоляторында интернет-дүкен ашылды. Бұған жазасын өтеп шыққандардың бірінің әйелі бастамашы болған. Осы сайт арқылы азық-түлік, гигиеналық заттар және темір тордың арғы жағына өткізуге рұқсат етілетін басқа да тауарларға тиімді бағада тапсырыс беруге болады. Бұл туралы облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
"Өзімнің жұбайым таяуда ғана бостандыққа шыққандықтан, үлкен пакеттермен келіп, кезек күтіп тұрудың қандай екенін жақсы білемін. Қазгіргі пандемия кезінде азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды абақтыға өткізу процесін жақсарту және жеңілдету өте өзекті екені сөзсіз, осыған орай біз интернет-дүкенімізді ашу идеясын қолға алдық", – дейді бастамашы Анар Алдамбергенова.
Енді тергеу изоляторындағы жазасын өтеушілердің туыстары интернетке қосылған кез келген құрылғыдан азық-түлік сатып ала алады, ал мекемеге жеткізіп беру шығыны дүкен есебінен толығымен өтеледі. Тапсырыс сайтта жасалып, курьер дайын тауарды тергеу изоляторына жеткізеді.
"Интернет-дүкенде жазасын өтеп жатқан жандарға қажетті барлық зат бар. Ең бастысы, төлемді үйден шықпай-ақ жасауға болады",- деп өз пікірімен бөлісті алғашқы тұтынушылардың бірі.Алдағы уақытта дүкеннің терминалын мекеме ішіне орнату жоспарда бар, бұл жазасын өтеушілердің өздеріне де қажетті тапсырысын жасауға мүмкіндік ашар еді.
"Ол үшін әр сотталушының басыбайлы логині мен құпия сөзі болады", – дейді ведомство өкілдері.