Жаңа көлік – сапалы қызмет кепілі
Жаңа жыл қарсаңындағы тамаша тарту. Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларына 14 жаңа автокөліктің кілті табыс етілді.




«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның санитарлық қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды тапсырған еді. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі республикалық бюджет есебінен 132 бірлік автокөлік сатып алды. Олар еліміздің барлық өңірлеріне таратылды. Мінекей, Қостанай облысына 14 автокөлік бұйырып отыр. Су жаңа темір тұлпар кез келген қызметтеріңізге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Мемлекет мүлкіне жауапкершілікпен, күтіп-баптап мінерсіздер деген үміттеміз», – деді Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Ермұханбет Дәулетбаев.

Сонымен, Chevrolet Cobalt маркалы көліктер 13 өңірге және біреуі қалалық департаментке берілді. Атап айтқанда, Рудный, Арқалық қалалары және Қамысты, Қарасу, Жанкелдин, Аманкелді, Меңдіқара, Жітіқара, Әулиекөл, Науырзым, Денисов, Қостанай аудандарының басқармасына темір тұлпар кілті табыс етілді.

«Біздің қызметке назар бөлген Президентімізге рахмет айтамыз. Бұдан соң жұмысымыз әлдеқайда жеделдене түседі деп ойлаймыз. Облыс халқының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, оның ішінде инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында жұмыс істеу, өнім сынамаларын алу және объектілерде зертханалық зерттеулер жасау жұмыстарына жаңа көліктердің зор пайдасы тиері сөзсіз», – деді Қостанай қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Алмат Байкенов.


Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ