Жәбірленуші пайдасына – 2 млн теңге
Қостанай қалалық соты азамат Олег Шалыгиннің жауапкер Д-дан жол-көлік оқиғасы салдарынан денсаулығына келтірілген зақым үшін өтемін өндіру туралы шағымы бойынша азаматтық істі қарады.
Іс материалдары бойынша, 2014 жылдың желтоқсанында жедел жәрдем қызметінде реаниматолог дәрігері болып қызмет атқарған азамат Шалыгин кезекті шақырылымнан қайтар жолда жауапкердің кінәсінен жол-көлік оқиғасына тап болады. Жауапкер жолдың тайғақтығына қарамастан жүру жылдамдығын арттырып жедел жәрдем көлігіне соғылған.
Апат салдарынан талапкердің денсаулығына айтарлықтай нұқсан келіп, 70 пайыз еңбекке жарамдылығын жоғалтқан. Бүгінде екінші топтағы мүгедек болған азаматтың жүріп-тұруы қиындаған. Алған жарақаттан кейін ол ұзақ уақыт ем қабылдап, ота жасалып, алты жыл сайын ауыстыруды талап ететін титанды протез салынған.
Денсаулығына байланысты еңбек етіп, ақша табуға мүмкіндігі жоқ азамат өзінің отбасы бар ұлымен бірге тұрады.
Сот істің барлық материалдарын қарап, тараптарды тыңдап, жауапкерден азамат О.Шалыгиннің пайдасына бір жарым миллион теңге материалдық шығынды және 500 000 теңге моральдық залалды өндіруге шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.