Шығым аз, шығын көп

Қостанай облысындағы Науырзым ауданының дихандары күзгі жиын-терім жұмыстарына кірісіп кетті, деп хабарлайды "Экспресс К" тілшісі.
Аймақта әдетте тұқым себу жұмыстары 1 мамырда аяқталып, алқаптарға 15 тамыздан бастап орақ салынатын. Өйткені, осы уақыт аралығында бидай толық пісіп жетіледі. Биылғы құрғақшылық қалыптасқан дәстүрді бұзды. Ауданда жаз бойы тамшы тамбады. Алпыс күн қатарынан аптапты ыстық болды. Қолайсыз ауа райынан егін бой көтере алмады.
Енді жаңбыр күткеннен пайда жоғын білген дихандар, "бар өнімді шашпай-төкпей жинап алсақ та олжа" деп отыр. Солардың бірі — Дмитрий Исаев, ол Өлеңді ауылының аумағында егін салады.
"Екі-үш күн болды. Алқаптарға комбайн кіргіздік. Арпа егілген 80 гектардан небәрі 12 тонна өнім жинадық. Яғни, гектарына бір жарым центнерден келіп тұр. Бұл жанармайға кеткен шығынды да ақтамайды. Бидайымыздың да берекесі шамалы. Кейбір танаптар қу тақыр. Ерте еккен жерлердегі бидайдың да сапасы өте төмен. Масақтың көбінің ішінде дән жоқ, құр қуыс қауызы ғана. Ары кеткенде 3 центнерден өнім алатын шығармыз. Оның түсімі көктемде алған несиені жабуға жетпейді. Сондықтан үкімет биыл мемлекеттік бағдарламаға қатысып жатқан шаруаларға несие өтемін шегере тұру туралы шешім қабылдаса дұрыс болар еді", — дейді дихан.
Биыл Науырзым ауданында 260 мың гектар алқапқа егіс егілді. Соның 221 мың гектары бидайдың үлесінде. Өңірде тек қана егінмен күнелтіп отырған шаруашылықтар жетерлік. "Қамбамызға қажетті өнім жиналмай қала ма" деп қауіптенеді дихандар.
"Оңтүстік ауданда ауа райы жылы болғасын, сәуір айында бидай сепкен дихандар бар. Солардың бірі — "Рассвет" ЖШС. Қазір онда гектарына төрт центнерден астық алынып жатыр. Бұл – бастапқы көрсеткіш, әлі төмендеуі мүмкін. Негізі, аудан бойынша биыл орташа есеппен үш центнерден өнім жиналады деген болжам жасап отырмыз. Себебі, қуаңшылық өңірге өте ауыр тиді", — дейді Науырзым ауданы әкімінің орынбасары Қабидолла Орманов.
Аптапқа ұрынған алқаптарда бидайдың сабағы да аласа. Бұл –  сабанын жинауға келмейді деген сөз. Қалай болғанда да биылғы жыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге оңайға соқпай тұр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓