Жаңа антирекорд: 158 адам көз жұмды

Кеше Денсаулық сақтау министрлігі елімізде қауіпті вирустан көз жұмғандар көбейгенін жариялады. 3 тамыз күні Қазақстан аумағында 125 адам коронавирустан, тағы 33 адам пневмониядан қайтыс болған.
Індет жұқтырып, жан тәсілім еткендердің көбі Нұр-Сұлтан (23 адам) және Шымкент (19 адам) қалаларынан. Ал Қостанай облысында бір адам көз жұмған. Өлім-жітім Алматы, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана тіркелген жоқ.
Қазір Қазақстанда covid-19 инфекциясы анықталғандар саны 600 мыңнан асып кетті.
«Қауіпті вируспен қаншама адам ауырып жатса да, әлі сенбейтіндер кездеседі. Осыған таңым бар. Біз таңнан кешке дейін бекер жұмыс істеп жүрміз бе? Көз алдыңда қаншама адам қиналып жатқанын көру бізге де оңай емес. Көпшілік жиналатын жерге барма десе де қоймаймыз. Той, туған күн атап өтеміз. Бұл ауруды бәріміз тәртіпке бағынғанда ғана жеңе аламыз. Осыны басқаша қалай түсіндіруге болады?!», – дейді Қостанайдағы инфекциялық аурухананың бөлім меңгерушісі Карина Юсупова.
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті үй карантинін бұзушылардың есімдерін жариялай бастады. Ashyq жүйесінің көмегімен «қызыл» статусы бар 175 адам және «сары» белгідегі 146 адам анықталған. Олар ауырып жатқанын немесе жұқтырғандармен байланыста болғанын біле тұра, қоғамдық орындарға барған.
«14 күндік үй карантинін бұзған «қызыл» статусы бар тұрғындардың тізімі:
1. Шектібаев Ғани Аяпбергенұлы, Рудный қаласы;
2. Тәжібай Гүлжан Ғабиденқызы, Қостанай қаласы;
3. Левченко Людмила Викторовна, Қостанай қаласы. Оларға қатысты айыппұл түрінде (15 АЕК) әкімшілік шаралар қолданылды», – деп жазды Департаменттің ресми сайты.
Сонымен қатар өткен аптада Қостанай облысының үйде оқшауланған 6 тұрғыны айналаға қауіп төндіріп, тәртіпті бұзған. Олар Лисаков, Қостанай қалалары мен Алтынсарин аудандарының тұрғындары: Могола Дмитрий Александрович, Афанасьев Сергей Николаевич, Дүйсекова Төлеухан Әуезханқызы, Балғураев Қоныс Жақсылықұлы, Молибаев Нұржан Еркенұлы, Төребаева Динара Сәрсенбайқызы. Алтын тұрғынға да 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті үй карантиніндегі барлық тұрғындарды оқшаулау шарттарын қатаң сақтауға шақырады.
Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓