Екі елден зейнетақы алып келген
Ұзынкөл ауданының тұрғыны 14 жыл бойы ҚР және РФ-нан зейнетақы алып келген. Кейуана 2006 жылы Қазақстанда зейнетақыға өтініш берер кезде өзінің Ресей азаматы екенін жасырып қалған. Сол уақтыттан бері ол жалпы сомасы 9,5 млн теңге болатын заңсыз төлем алған.
Істі Ұзынкөл аудандық соты қарады.
" Азамат В. 1998 жылдан бері РФ-да сақтандыру зейнетақысын алушы бола тұра, 2006 жылы ҚР Мемлекеттік зейнетақы төлемі жөніндегі орталыққа ҚР азаматы екенін растайтын төлқұжатпен жүгінген. Ол РФ азаматы екенін жасыра отырып, зейнетақы алуға өтініш берген. Жауапты В.-ның екі елден қатар зейнетақы алу дерегі анықталысымен, департамент шешімімен 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап, зейнетақы төлемі тоқтатылды", – делінеді облыстық соттың баспасөз қызметі хабарламасында.
Осы жылдың шілдесінің басында құжаттарды заңсыз пайдаланғаны үшін зейнеткер әйелді Ұзынкөл аудандық ПБ көші-қон қызметі әкімшілік жазаға тартты. Оның 14 жыл ішінде 9 401 727 теңге пайда көргені анықталды. Енді ресейлік кейуана алған ақшасын соңғы тиынына дейін мемлекетке қайтаруы тиіс. Сот шешімі күшіне енген жоқ.