Қонағын өлтіріп, мәйітті жасырмақ болған
Қостанай облысы қылмыстық істер бойынша арнайы маманданған ауданаралық сотына «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған 33 жастағы қостанайлық әйелге қатысты қылмыстық іс келіп түсті.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2016 жылы 23 маусымда шамамен таңғы 07.00-де айыпкер өзінің күйеуімен және балаларымен Қостанайға оралған. Әкесі қайтыс болған күйеуі арақ сатып алып, танысын үйге шақырған. Біраз уақыттан соң үйіне қайтқан қонақ тағы бір шөлмек арақ әкеліп, ішуді жалғастырған. Сотталушы спиртті ішімдік ішпеген. Кішкентай балалардың ұйықтап жатқанын айтып, қонаққа қатты сөйлемеу туралы ескерту жасаған. Әйел бірнеше рет қонақтың пәтерден шығуын талап еткен. Қонақ әйелді итеріп, қол көтере бастағанда, сотталушы асхана пышағымен кеудесіне соққы берген. Алынған жарақаттан қонақ оқиға орнында көз жұмған. Әйел ата-анасына хабарласып, адам өлтіргенін айтады және балаларды алып кетуді өтінген. Ата-анасы Қостанай ауданының Жамбыл ауылынан келіп, немерелерін алып кеткен. Шамамен таңғы төртте сотталушы күйеуімен бірге мәйітті жаймаға орап, орман жаққа апарып тастаған.
Іс бойынша сот талқылауы жақын арада өтеді.
"ҚазАқпарат"