Баспана бәсі жоғары

Қостанай ауданындағы Бәйтерек, Астана жаңа шағын аудандарына инженерлік коммуникациялардың құрылысы басталды. Қазір шағын аудандарды кәріз және сумен жабдықтау желілерімен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған  бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов журналистермен өткен баспасөз мәслихатында  осылай деді.
Басқарма басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысының   негізгі үлесі Қостанай қаласына тиесілі. Облыс орталығы бас жоспарға сәйкес дамып келеді дейді ол. Соңғы жылдары Әуежай және Юбилейный шағын аудандарында көп қабатты үйлер бой түзеді. Қазір Береке шағын ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда Қонай шағын ауданында 75 мың шаршы метрлік 19 тұрғын үй салынып жатыр. Береке шағын ауданында жалпы ауданы 82,9 мың шаршы метрді немесе 819 пәтерлі 9 тұрғын үй бой көтерді.
-Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы мен жақын болашаққа арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру жоспарларын талдап, жоспарлар орындалады деп айтуға негіз бар. Осы уақытқа дейін Әуежай шағын ауданында  192,1 мың шаршы метрді құрайтын 37 көп қабатты тұрғын үй салынды. Яғни, 2589 пәтер ел игілігіне берілді. Биыл бюджет қаражаты есебінен тағы 4 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылмақ. Онда әрқайсысы 25,5 шаршы метрлік 360 пәтер болады. Юбилейный шағын ауданында  274,0 мың шаршы метрлік 42 үй салынып, 4086 пәтер өз иелерін тапты. Биыл бюджет есебінен екі үй, коммерциялық үш үйдің құрылысы басталады. Осылайша, 2021 жылы аталған шағын аудандардың құрылысы аяқталады, – дейді Берік Таңжарықов.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қолға алынған таптыртпас мүмкіндік.  Облыста 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының мемлекеттік бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Қолданыстағы тұрғын үй саясаты баспанаға қол жетімділіктің градациялық жүйесін қарастырады. Тұрғын үйге қол жетімділік баспалдағына сәйкес, азаматтар түрлі ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады және үйге меншік құқығын сатып алу үшін жеңілдікпен несие ала алады.
Басқарма басшысы көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 72 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 826,6 млн теңге бөлінгенін айтты. Оның ішінде Қостанайдан 50 пәтер сатып алуға 643,2 млн теңге, Рудныйдан 22 пәтер сатып алуға 183,5 млн теңге жұмсалады. Бұл ретте, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қаржыландыру 1 пәтерге 8,4 млн теңге (1 шаршы метрге 140 мың теңге, кем дегенде 60 шаршы метр) көлемінде бөлінген. Қостанай қаласы үшін облыстық бюджеттен әр пәтер үшін 3,1 млн теңге көлемінде қосымша  қаржыландыру қарастырылған.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге бюджеттен 10,2 млрд теңге қарастырылған. «Қонай» шағын ауданында қазандық, электрмен жабдықтау желілері, газбен жабдықтау, жылумен жабдықтау тәрізді 43 жобаны іске асыруға 2,8 млрд теңге бөлінді. Береке шағын ауданындағы осындай 14 жобаны іске асыруға 3,6 млрд теңге, Рудный қаласында аз қабатты тұрғын аудандарын газбен қамтамасыз ету, 39-шы кварталды газдандыру және 39-шы кварталда автономды қазандық салу сияқты  4 жобаны іске асыруға  қазынадан 927,2 млн теңге бөлінді.
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓