Ғалымға құрмет

Былтыр Алаш жұрты талай игі жақсысынан айырылды. Өткен жылғы шілде айында біртуар жерлесіміз, ғылым саңлағы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев те мына жарық жалғанмен қош айтысып еді. Бұл қазақ ғылымына ғана емес, руханиятымызға да ауыр тиген қаза болды.

К.Ә.Сағадиев – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ғылым мен техника қайраткері. Целиноград ауыл шаруашылық институты (қазіргі Қазақ мемлекеттік аграрлық-техникалық университет), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті қатарлы еліміздің ірі жоғары оқу орындарына басшылық етті. Халықаралық бизнес университетінің Құрметті Президенті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университінде Президент қызметін атқарды. Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы және президенттігіне сайланды. Қазақстан Республикасының Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттігінің директорлар кеңесінің Төрағасы лауазымын атқарған.

Қайраткердің дүниеден озғанына бір жыл толуына орай облыс орталығында ескерткіш мүсіні қойылды. Орнатылған жері – Қостанай қаласына үлкен көпір арқылы кіретін халық көп шоғырланатын Тобыл өзенінің жағалауы ауданы. Мүсін символикалық жағынан зор мағына береді. Маңайы абаттандырылған кешенде күн сағаты да жасалыпты. Салтанатты шараға еліміздің білімі мен ғылымына зор үлес қосқан ғалымдар, зиялы қауым және жергілікті билік өкілдері, туыстары, жерлестері қатысты.



Кенжеғали Әбенұлы өзі туып-өскен Тобыл-Торғай топырағының білімі мен мәдениеті, руханиятының көркейіп-даму жолында өлшеусіз үлес қосқан жан.

Бүгін Алматыдан әдейі ескерткішті ашуға келіп отырмын. Ескерткіш символмен жасалған. Кенжекеңнің тізесінде жас бала отыр. Бұл нені көрсетеді? Ұрпақ жалғастығын көрсетеді. Торғай, Тобыл толқындары толағай жастармен толығып көбейе береді. Соның символы сияқты. Осыған мұрша берген осыны қолдауға жасаған жергілікті билік өкілдеріне ризашылығымды білдіремін, Ерекше жасалған. Мұндай ескерткішті еш жерде көрген жоқпын,- деді экономика ғылымдарының докторы, ҚҰ Ұлттық ғылым академиясының профессоры Сәбит Байзақов.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.





Қайраткердің мүсінін ашу құрметі академик Сәбит Байзақов пен Қостанай облысының құрметті азаматы, Кенжеғали Әбенұлының замандасы, досы Кәкімжан Кәрбозовқа берілді.





Кенжеғали Абенұлына арналып ескерткіштің ашылуы орынды болды, ғұлама ғалым, халқым, елім деген қазақтың қара баласы еді! Қуанып отырмыз! Әліде қазақ халқына сіңірер еңбегі көп болар еді. Қайран Азамат ағамыз-ау, Алла тағала әттен, әлдеде ғұмыр жасыңызды ұзартпағаны…
Академик Сағадиев Кенжеғали ағамызға орнатылған ескерткішті еліміздің ғылымына қосқан еңбегіне деген құрмет деп бағалаған дұрыс.
Өте орынды. Кенжеғали Әбенұлының жатқан жері жарық, топырағы торқалы болсын! Нағыз ер азаматы еді.