Қиындықтан шығар жолды бірге іздесек
Заман өзгерді ме, әлде ауа райы өзгерді ме, білмеймін. Бұрын, Кеңестер дәуірінде диқандарымыздың маңдай терімен келген астықты әйтеуір, көптеп-көлемдеп, шығынсыз жинап алатынбыз. Мен ес білгелі, азын-аулақ жерлер болмаса, Қостанай төсінде ауа райы мүмкіндік бермей астықты жинай алмадық дегенді естіген емеспін. Ал мына, соңғы екі үш жылдан бері қарай диқандарымыздың жағдайлары қиындап бара жатқан сияқты. Оңтүстік аудандарымызда, қуаңшылық жылдары астық шықпай, диқандарымыздың еңбектері еш кетіп жатса, сол-түстік аудандарда ауа райының қолайсыздығы, жаңбырдың салдарынан бітік-ақ шыққан астықты жинап алуға үлгермей жатамыз. Биыл да солай. Оңтүстік аудандарда астықтың шығымы тым тапшы болса, Қарабалық, Федоров, Қостанай, Сарыкөл, Меңдіқара, Ұзынкөл, Қарасу аудандарында кеш піскен астықты жинау, оны бастыру тым қиын болып отыр. Күн аралатып жауған жаңбыр, диқандарымызға үлкен қолбайлау болуда. Комбайндар егіс басына шыға алмай, жылда бұл кезде қызылға толатын қырмандарымыз бос жатыр. Еңбектің еш кеткені ме?! Жоқ, адал еңбек еш кетпеуі керек.
Біздің Торғай төсі ежелден астықтың отаны болған жер. Міне, мыңдаған жылдардан бері қарай диқандарымыз жылма-жыл осы жерден өздеріне қажетті дән жинап, елдің астыққа деген қажетін өтеп келеді. Қанша қиындық болса да ол заманда (Кеңестер заманында) көп болып, қол ұшын беріп, бар егінді ысырапсыз жинап алып, қамбаны қызылға толтырып, тойлап жататын. Ал бүгінде шаруалар бар қиындықпен өздері ғана көтеруге тура келіп отыр. Ауа райы тап осылай өзгере беретін болса, диқандарымыздың жағдайы тіпті қиындай түсері сөзсіз. Қиыншылықтың, шығынның көкесін сонда көреміз. Егіншілеріміздің маңдай терінің еш кеткені де сол болар…
Бабаларымыз егінді ысырапсыз жинап алудың талай жолдарын тапқан болатын. Солардың бірі, асықпай, ауа райының қолайсыздығына қарамай, қол орағымен немесе лобагрейкамен орып, масағын баулап, оны қоймада сақтап, әбден піскен кезінде бастыратын. Рас, ол шағын көлемдегі егін болатын. Ал қазір, мыңдаған, миллиондаған гектар астықты олай жинау тіпті де мүмкін емес.
Дүниежүзінде егінді ысырапсыз жинап алудың толып жатқан жолдары болса керек. Бірақ, оларды біздер – қазақстандықтар әлі де иегере алмай келеміз. Шынымен де егінді ауа райына қарамай, ысырапсыз жинап алар технологиясы болса, ол адамзат өркениетіне қосылған үлкен жаңалық болар еді. Ондай жаңалыққа жету қайда. Дегенмен де, соншалықты жаңалықты ойлап таппасақ та, орыстардың "все что новое, это хорошо забытое старое" деген қағидасын басшылыққа ала отырып, ескіні жаңартып, оған сәл де болса өзгеріс енгізіп, диқан қауымына ұсынуға болатын шығар. Оған ешкім қой демес.
Мүмкін, біздің ұсынысымыз бекер де болуы мүмкін. Бірақ, егінді түгелдей жинап алуда еш шығын-ға қарап тұруға болмайды. Ол алтын астық қой. "Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен", деген қағиданы ескеретін болсақ, бас-қа күн түскенде астық алтыннан да қымбат болары сөзсіз.
Менің ес біліп, етек-жеңімді жинаған жерім Алматы мен Алматы облысы. Мен сол облыста көп жыл тілші болып еңбек еттім. Талайды көрдім, талай жаңалықты ойыма түйдім дей аламын.
Біздің жас кезімізде Алматыда не көп, алма көп болатын. Алма дегенде – кәдімгі апорт. Сол апорт-ты қысы-жазы базарға шығарып сататындар, негізінен түрік бауырларымыз болатын. Біз, олар осынша алманы қайдан алады және оны қысы-жазы қалай сақтайды, деп таң қалатынбыз. Журналист ретінде оны терең зерттедім де. Талай ауылды аралап, талай адаммен тілдесіп, пікір алысуға тура келді. Сондағы менің көзім жеткені – түрік бауырларымыз алманы піспей тұрып жинайды екен. Олардың айтулары бойынша (өмірлік тәжірибе болар), әбден пісіп үлгермеген алманы бес-он сантиметрлік сабағымен кесіп алып, іліп қойсаң, сабақтағы нәр сол алманың әбден пісіп жетілуіне жетеді және де ол бұзылмай, көпке дейін сақталады екен. Бұл – түрік бауырларымыздың сол кездегі табыстарының көзі екен. Ал бұл биологиялық заңдылықты басқа дақылдарға қолдануға бола ма? Болуы керек. Мысалы, бидайды бөлектеп орудың негізі осы заңдылыққа негізделген. Менің ойымша, бөлектеп орудағы технологияны сәл өзгертіп пайдалансақ, астықты ауа райына қарамай-ақ оруға мүмкіндік туары сөзсіз. Әрі қарай ештеңе демей-ақ қояйын… Жандары қысылған біреулер білместік жасап, бірдеңені бүлдіріп алар. Себебі, сол "сәл өзгеріс" дегенде толып жат-қан жаңалықтар мен тілек-талаптар жатыр. Сол талаптардың ең болмаса біреуі орындалмаса, ол диқан орыны толмас шығынға ұшырары сөзсіз. Мен айтып отырған жаңалықты өмірге енгізу үшін батылдық, іскерлік керек.
Кім де кім, осы жаңалықты тәжірибеден өткізуге, игеруге дайын болса (әрине, бірінші жыл-ғы қосымша шығындарды ескеруі керек), ақылдасып, жаңа технологияны басынан аяғына дейін айтып, түсіндіріп, өз тәжірибемді, көрген білгенімді, ойға түйгенімді ортаға салуға дайынмын. Егер, бұл тәжірибе жүзеге асатын болса, ауа райының қолайсыздығына қарамай, астықты шығынсыз жинап алуға жол ашылар еді.
Келіңіз, бірге ойланайық, астықты ысырапсыз жинап алудың жаңа жолын бірге іздестірейік.
Ұсыныс білдіруші
Қуанышбай Орманов.
Қостанай қаласы.