Ендігі мақсат – ел қатарлы өмір сүру

Ербол Өзбекстанның Науаи облысына қарасты Зафарабад қаласында туып өскен. Жасы 28-де. Жоғары білімді. Науаи мемлекеттік педагогикалық институтын "Информатика және математика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы уақытқа дейін мұғалімдік қызметтен басқа паспорттық столда да жұмыс істеген. Бір қыз бен ұлдың әкесі. Өткен жылы атамекеніне оралған оған екі қолға бір күрек табу қиынға соғады.
– Жұмыс іздеп жарты жылдай сандалғаным рас. Ақыры болмаған соң Рудный қаласы әкімінің көмегіне жүгіндік. Әкімдік көп ұзамай жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы мені "КЕГОК" АҚ материалдық техникалық қамту бөліміне жұмысқа орналастырды, – дейді Ербол.
Жас жігіт өзіне берілген жауапты міндеттерді тез игеріп алған. Әріп-тестерінің айтуынша, жұмыста зерек, әр істі тиянақты орындайды. Бұдан бөлек компанияның қоғамдық өміріне де белсене араласады.
"КЕГОК" АҚ "Сарыбай жүйеаралық электр тораптары" филиа-лының директоры Қайрат Қарасековтың айтуынша, компанияда 436 адам жұмыс істейді. Соның ішіндегі 4-і – мүгедектер санатында.

Ербол Бекзатұлы қол ұшын созып, жұмыс тауып берген қалалық әкімдік пен компания басшылығына дән риза.
– Ойымдағы жұмысымды таптым. Ұжымға тастай батып, судай сіңіп кеттім. Әріптестерім бір-біріне үлкен құрметпен қарайды. Ендігі мақсат – ел қатарлы өмір сүріп, көпұлтты мемлекетіміздің өркендеп, дамуына өзіндік үлесімді қосу, – дейді Ербол.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
Суреттерде: Ербол Жүнісбеков пен оның бастығы Қайрат Ізбасарұлы.