Қамданған қапы қалмайды
Еліміздегі ірі астықты өңірлер үшін көктемгі дала жұмыстарының маңызы ерекше. Бұл арада сөз жоқ «Не ексең, соны орасың» деген қағида алдан шығады. Сондықтан, науқандық шара жүрдім-бардым қарайтын шаруа емес. Оның үстіне диқандарды алаңдатып отырған мәселе жетіп-артылады. Бұл жолғы облыс ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің дәстүрлі кеңесіндеде бірқатар мәселе күн тәртібіне қойылды. Ол туралы сәл кейінірек.



-Дала жұмыстарына барлығы 24 мыңға тарта трактор, 840 егін себетін комплекс, 1 мың бүріккіш, 20 мың тұқым сепкіш қатыстырылады. Науқандық жұмыстарға техникалар дайын. Тек, Науырзым, Федоров, Таран сияқты жекелеген аудандарда техника әзірлігі 88%. 15-сәуірге дейін барлық техника сапта тұруы тиіс. Биылғы жылы шаруалар 22 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуы тиіс. Қазірдің өзінеде 12,5 мың тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалды. Оның ішінде 5,9 мың тонна тауардың құны төленді. Бұл мақсатқа 1 млрд 177 млн теңге субсидия бөлінді, – деді Ғ.Нұрмұхамбетов.

Қажетті сұйық отын мәселесі де шешімін тапқан. Көктемгі дала жұмыстарын өткізуге барлығы 71 мың тонна дизельдік отын қажет. Әзірге облыс терминалдарында 10 мың тонна дизель отыны бар. Биыл оның бағасы 1 литрге 151 теңге деп белгіленді. Кеңесте аудан, қала әкімдеріне шаруашылықтардың жанар-жағар маймен дер кезінде қамтылуы үшін бақылау жасау қажеттігі міндеттелді. Дегенмен, шаруаларды оның бағасы алаңдатып отыр. Мәселен, бір литр сұйық отынның құны 151,5 теңгеден аспауы тиіс. Ал нарықта оның бағасы 167 теңге. Сонда екі аралықтағы айырма небәрі 15 теңге шамасында. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов дизелдік отынға берілетін демеуқаржының мөлшері өте аздығын айтты. Оны кемінде 30%-ке көтермесе болмайды дейді.

-Жанар-жағар майдың бағасы ғарыштық жылдамдықпен өсіп жатыр. Сондықтан, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия көлемі де бағаның ыңғайына қарай белгіленуі тиіс. Бұл туардың өзіндік құнын төмендетуге де, жаңа технологиялар енгізуге де септігін тигізер еді. Жаңа «Тойсай» ЖШС жиректоры-әріптесіміз дұрыс айтты, мұндай ауқымды шараны өткізу мол шығынды қажет етеді. Ал, оны есептей келгенде, ешкімнің егін егуге тәуекелі жетпей қалары даусыз,-деді ол.


Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.