Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек
Елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау күні 25 шілде болып бекітілді. Бұл науқанның айырмашылығы – сайлау бір реттік болмайды, ол әкімдердің өкілеттілігінің аяқталуына немесе мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты. Осы және өзге де өзгерістер туралы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Әсия Дуанбаева айтып берді.
– Әсия Махмұтқызы, байқап отырсақ, жергілікті билік өкілдерін сайлау алғаш рет көтеріліп отырған мәселе емес. Әріден бастайықшы.
– Бізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау 1998 жылы Елбасының бастамасымен көтеріліп, кейін халыққа Жолдауында біртіндеп ауыл әкімдерін сайлауға көшу міндеті қойылды. Негізі елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі бұрыннан бар. Саяси дода алғаш елімізде сынақ ретінде 1999 жылы 29 мамырда Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылдық округінде ауыл әкімі сайлауы өтті. Мұнан кейін 2001 жылы 20 қыркүйекте еліміз бойынша сынақ ретінде 28 село әкімі сайлауға түсті. Оның ішінде біздің облыстан Федоров ауданының Баннов ауылдық округі мен Қостанай ауданының Половников селолық округтерінің әкімдері де бар.
Соның жалғасы ретінде 2005 жылы еліміз бойынша сынақ ретінде Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында 4 ауданның әкімі сайлау арқылы таңдалды. Соның жалғасы іспепті. Бірте-бірте дамып, Шамалғаннан басталған үрдіс қарқын алды. Көп уақыт ауыл әкімдерін аудан әкімдері тағайындап келген болатын.
Ал 2013 жылдың тамыз айынан бастап ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлай бастады. Осы уақытқа дейін жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келген еді. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқару, жергілікті қауымдастықты нығайту. Біздің қоғамды одан әрі демократияландыру болып табылады.
– Бұл жолғы саяси додада қандай негізгі басымдықтар ескерілмек?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі халыққа жолдаған Жолдауында: «Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын» деген болатын. Мемлекет басшысының бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосты. Президент осы жылдың 24 мамырында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заңға көптеген өзгерістер енгізілді. Жаңашылдықтар азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асыруда белсенділікті арттыруға жағдай жасайды. Заң жобасының негізгі өзгерістеріне тоқталсақ. Біріншіден, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау енгізіледі. Екіншіден, саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы кезінде депутаттық мандатқа ие болуы үшін алуы тиіс сайлаушылардың 7 пайыз даусын 5 пайызға дейін төмендету ескерілді. Бұл қоғамды әрмен қарай демократияландыру үшін маңызды қадам. Өйткені, осыған дейін болған саяси додаларда бірқатар партиялар 7 пайыздық барьерге байланысты өте алмады. Үшіншіден, сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген бағанды енгізу қамтылды. Бұл не үшін керек? Егер дауыс беруші барлық үміткерге қарсы болса, сол графаны белгілейді. Сайлау біткеннен кейін сараптама жасауға жақсы. Бұл ауданда тұрғындардың дені неге қарсы болды? Ендеше, халықтың дені бірдеңеге көңілі толмайды деген сөз. Кейіннен сараптама жасауға қажет.
Үшіншіден, ауыл әкімдерін тікелей сайлауға байланысты үміткер саяси партия атынан түсе алады. Сондай-ақ, азаматтар өзін өзі ұсынып, сайлауға кандидат ретінде қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін сол ауыл тұрғындарының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Сондай-ақ, 42500 теңге көлемінде жарна төлеуі қажет. Егер ұсыну мерзімі аяқталған күні екіден кем кандидат тіркелсе, онда аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша кандидатураларды ұсынуға құқығы бар. Заңға енген жаңа өзгерістерге байланысты аудан әкімі үшінші позицияда қалады. Яғни, көпшілік дауыс алған азамат ауыл әкімі болып сайланады
– Ал үміткерлерге қандай талаптар қойылып отыр?
– Кез келген адам өзін-өзі ұсына алмайды. Талап өте жоғары. Бұрында солай болған. Кандидат 25 жастан асқан, Қазақстан азаматы болуға тиіс. Біліктілік талабына сай мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы шарт.
25 шілдеде өтетін тікелей сайлауға Қостанай облысында 65 село әкімі сайлауға түседі.