Мерейтойлық марафон

Лисаков қаласының «Қайрат және Ко» клубының жетекшісі, қоғам қайраткері, спортшы Қайрат Төлебаев Алматы қаласына пойызбен аттанып, қайтар жолда велосипедпен 1841 шақырым жол жүріп, туған қаласына оралды. Ол жыл сайын еліміздің атаулы күндеріне орай велошеру өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл жолғы саяхатты ол «Мерейтойлық марафон» деп атапты. Өйткені, ол осы жолғы сапарын Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Лисаков қаласының жарты ғасыр мерейтойына арнап отыр.
– Бұл жолы қасымда серігім Александр Финк болды. Алматы облысына бірінші рет сапар шегуіміз. Табиғаты керемет екен. Әсем пейзаж, таулар. Саяхат өте қызықты болды. Жол бойы сүйікті отанымыздың көрікті жерлерін аралап, туған еліміздің табиғатына тамсанып оралдық. Жолай Алматы, Қапшағай, Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларын басып өттік. Бізге қаржылық қолдау білдірген жерлестеріміз мәжіліс депутаты Альберт Рауға, Алексей Аманға, «Арай Холдинг» ЖШС басшылығына, Лисаков қаласының әкімдігіне, қалалық депутат мәслихаттарына және қала әкімі А.Ибраевқа алғысым шексіз, – дейді саяхатшы.
Мұндай сапар қиындықсыз бола ма, желдің өтінде, жердің шетінде, күннің аптап ыстығында жүру оңай емес, әрине. Кей аймақтардан өткенде күн жаңбырлы болыпты.
– Ең бірінші қиындық – дөңгелек жарылу. Кейбір жерлерде жол жоқ. Сол кезде дөңгелектер жиі жарылады. Бір күнде бірнеше рет дөңгелек ауыстырған кезіміз болды. Бірақ біз ұзақ сапарға жан-жақты дайындалып шықтық, – дейді жиһанкез.
Қайрат Төлебаев алдағы уақытта да спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын берік сақтайтындығын айтады.
– Мемлекет басшысының спортпен айналысып, дене шынықтыру үрдісі арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қажеттігі туралы Жолдауда айтылған сөздері қаншалықты маңызды екеніне көзім жетті. Сол себепті, алдағы уақытта туризм саласын жандандыру арқылы велошеру үрдісін жалғастыра беруге ниеттімін, – деді сөзін аяқтаған саяхатшы.
Лисаков қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓