“ҮМІТ” баспанасы панасыз балалардың қорғаны

DSC06008Балалық  шақ  деген  адамның ең бақытты кезі болып саналады. Алайда, осы алаңсыз бақытты шақта кез келген баланың пешенесіне жазыла бермейді екен. Себебі, бүгінгі қоғамда ата-анасы бола тұра, олардың қарауынсыз қалған, панасыз күй кешкен жеткіншектердің қатары артып барады. Балалықтың бал дәмін татпаған мұндай балаларды полицейлер кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және қайта бейімдеу орталықтарына жеткізіп жатады…
Әулиекөл  ауданындағы  облыстық "Үміт" балалар мен жасөспірімдер баспанасы осыдан жеті жыл бұрын ашылған болатын. Жиырма орындық баспанада облыстың әр өңірінен жеткізіл-ген балалар тәрбиеленеді. Дені ата-анасы ащы суға салынып, қараусыз қалған жеткіншектер. Баспана директоры Марат Келембаевтың  айтуынша, мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Олар комиссияның шешімімен осында алты ай бойы тәрбиеленетін көрінеді. Осы аралықта жеткіншектердің ата-аналары да нашақорлықтан немесе араққұмарлықтан тегін емделеді. Ащы судың құрығынан құтылмағандарды сот ата-аналық құқығынан айырады, ал баспананы паналап жатқан балалары алты айдан соң балалар үйлеріне жіберіледі.
DSC06000– Панасыз  балалардың   қорғанына айналған біздің "Үміт" баспанасы 2007 жылы ашылған болатын. Алғашында аудандық деңгейде болды, кейін облыстың қарамағына өтті. Сондықтан, біз облыстың әр өңірінен келген балаларды қабылдаймыз, қазіргі күні мұнда он бала тәрбие-леніп жатыр. Денінің ата-аналары араққа салынған, ал ондай отбасындағы жағдайдың қандай болатыны айтпаса да белгілі. Отбасындағы берекесіздік, әке мен шешенің арасындағы ұрыс-керіс немесе ішімдікке салыну, мұның бәрін көзбен көрген баланың тәрбиесі мен психологиясы да қай оңды болсын. Сондықтан, біз де мұндай балаларға түсіністік-пен қарауға тырысамыз, – дейді баспана директоры Марат Кәдіржанұлы.
Қазір баспанада бес тәрбие-ші, әлеуметтік педагог, психолог және медбике жұмыс істейді. Мұнда қам көңіл балаларға барлық жағдай жасалған, алты рет тамақтанады, киім-кешек те үкіметтен тегін беріледі. Ғимараттың материалдық базасы да жаман емес, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Дегенмен, қанша жерден жағдай жасалғанымен, қанша жерден ата-аналары араққұмар болса да, туған үйін аңсап, қашып кеткісі келетіндер де кездеседі екен. Мұндайда тәрбиеші-лер қиналады, ондай жағдай орын алып жатса аяқтарынан таусылып іздейтін де солар.
DSC06001– Бала болған бір-бірімен шекіспей тұрмайды ғой, бұлар да солай. Бізде алты ай ғана болады, соның өзінде осы балалармен біраз қиындықтарды бастан өткереміз. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес, тәртіпті, тіл алғыш балалар да бар. Ес білетіндері үйлеріне баруға аса құлық танытпайды, өйткені отбасындағы ұрыс-керістен қажыған оларға осы жер ыңғайлы әрі жайлы. Күніне алты мезгіл тамақтанады, киім-кешектен де кенде емес. Тек, кішкентай балаларға қиын, олар ата-аналарын іздеп жылайды. Баланың  аты  бала ғой, күндіз ойыншықтармен, тәттілермен алданады, ал кеш түссе олардың да көңіл-күйлері түсіп кетеді. Қанша жерден қиын болса да әр баланың ыңғайын тауып, алдантуға тырысамыз. Кейде үш жасар кішкентай балаларды әкеледі, ал олар алты ай ішінде бізге бауыр басып қалады да, балалар үйлеріне ауыстырарда бізден ажырағылары келмейді. Қазақтың баласы, өзге ұлттың баласы деп бөлмейміз, себебі баланың бәрі бірдей, – дейді тәрбиеші Балзира Есмағамбетова.
Тәрбиеленушілердің дені өтпелі кезеңдегі жаста болғандықтан олардың мінез-құлықтарын да түсіну қиын. Дегенмен, мұндағы мамандар да оларды түсінуге, қабақ шытпай, қамқор болуға тырысады.
– Дәл  қазір  тәрбиеленіп жатқандардың дені 14 жасқа дейінгі балалар. Олар отбасындағы ки-кілжіңнен басқа ештеңе көрмеген, ата-ананың аялы алақанына зәру жеткіншектер. Ал, ондай балалардың мінез-құлқы да ауыр болып келеді. Сондықтан, біз де әр баламен жеке-жеке сөйлесіп, психологиялық тест тапсыртамыз. Қанша жерден тентектік танытса да оларға түсіністікпен қарап, көңілдерін табуға тырысамыз. Бұл балаларға тәлім-тәрбие беру өз алдына, педагогикалық және психологиялық тұрғыдан да көмек береміз, – дейді психолог Бибіғанша Доспаева.
Ал, медбике Шолпан Бекина балалардың денсаулығын жіті бақылап, тамақтану тәртібін де қадағалап отырады. Қазір күз айы, суық тиіп сырқаттану мен тұмаудың да өршитін тұсы осы кез. Сондықтан, аурудың алдын алу  мақсатында  екпе  салу жұмыстарын да уақытылы атқаруға тырысады.
DSC06002– Мен осы баспана ашылғалы бері медбикелік қызметті атқарып келемін. Мұнда көбіне тұрмысы төмен отбасының және ата-анасы ішімдікке салынған жеткіншектер тәрбиеленуде. Олар осында түскен бетте біз ең алдымен денсаулықтарын тексереміз.  Аудандық ауруханаға да тексертуге жиі-жиі  апарып  тұрамын.  Екпе  жұ-мыстарын да уақытылы жасап отырамын. Әрине, бала болған соң ауырмай-сырқамай тұрмайды, суық тиіп сырқаттанса, дереу емдік шараларын жасаймыз. Өзімнің де балаларым бар ғой, бұл балаларға да аналық мейі-ріммен қарауға тырысамын. Әсіресе, өзіміздің қаракөздерді көргенде жүрегің ауырады, алдағы өмірлері не болады деп алаңдайсың. Олардың осында, әріқарай интернат үйлерінде тәрбиеленуіне ащы суды серік еткен әке-шешелері кінәлі. Қазір маскүнемдікке салынғандар саны артып барады, бұл ұлт болашағына төнген үлкен қатер емей немене, – дейді медбике Ш.Бекина.
Иә, мұндағы балаларға үкімет тарапынан  барлық жағдай жасалған. "Жетім көрсең, жебей жүр" демекші, аудан басшыларынан бастап, қалталы азаматтар да бұларға көмек көрсетіп отыратын көрінеді. Жалпы, баспана басшылығы бас болып, олардың жақсы жолға түсіп, адам болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда. Алайда, мұндағы жеткіншектер де ата-ананың аялы алақанын, ыстық ұяларын аң-сайды.  Бір  жағынан,  оларды  жазғыруға да болмас, олардың мұндай күйге түсуіне қу арақты серік етіп, балаларын тентіретіп "тірі жетім" атандырған әке-шешелері кінәлі. Баспана директоры да баласын қайтып алып кететін ата-аналардың да сирек кездесетіндігін айтады. Соған қарағанда, мұндағы балалардың "…әрқашан  болсын  анам,  болайын мен де аман" деген тілектерінің орындалмайтыны өкінішті-ақ.
Қарлығаш
        ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы.
Суреттерде:  Баспана директоры Марат Кемелбаев; медбике Шолпан Бекина; психолог Бибіғанша Доспаева дәріс беруде; тәрбиеші Балзира Есмағамбетова балалармен бірге.
Суреттерді түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓