Төлегеновтерге дауыс берейік, ағайын!
Елбасымыздың бастамасымен өткен жылы бастау алған “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы биыл да жалғасын табуда. Қыркүйек айында өз мәресіне жететін бұл байқаудың бүгінде еліміздің әр өңірінде облыстық кезеңдері өтуде. Қостанайда да жалпыұлттық байқаудың облыстық кезеңі қорытындыланды.
Қырықтан астам отбасы бақ сынасқан бұл байқауда Қостанай ауданынан қатысқан Төлегеновтер отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Өздерінің жалғыз қыздарына серік болсын деп, сегіз бірдей баланы асырап алып, бүгінде соларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ерекше мейірімділікпен тәрбиелеп жатқан Нұрлан мен Гүлжауһардың ісі кімге болмасын үлгі-өнеге. Бір шаңырақ астында түрлі ұлттың балалары тату-тәтті өмір сүріп жатқан бұл отбасының бірлігі мен тірлігі де өңірге жақсы танымал.
Қазір жеңімпаз отбасы 13 қыркүйекте Астанада өтетін республикалық кезеңге қызу дайындық үстінде. Алайда, сайыстың шарты бойынша, көрермендер тарапынан неғұрлым көбірек дауыс жинаған отбасы байқау жеңімпазы атанбақ. Жеңімпаздарды іріктеуге СМС хабарлама арқылы интерактивті түрде дауыс беру жолымен еліміздің барлық тұрғындары белсенді түрде қатыса алады. Интерактивті дауыс беру 2015 жылдың 15 тамызында басталып, 10-шы қыркүйекте аяқталады. Олай болса, облыстың намысын қорғайтын Төлегеновтерге бәріміз бір кісідей жұмылып, дауыс берейік!
Қарлығаш ОСПАНОВА