“Ана тілі және отбасы”
Міне, осындай атпен облыс орталығындағы Достық үйінде "Қостанайдың жас жетекшілері" қоғамдық бірлестігінің, облыстық тілдерді дамыту басқармасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен фестиваль болып өтті. Фестивальға өңірдегі аудандар мен қалалардағы ұлттық-мәдени орталық өкілдері отбасылары шақырылды.
– Фестиваль өткізудегі басты мақсатымыз – мемлекеттік тілді қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы тұрғысынан насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, халықтар достығын, ынтымақтастығын нығайту. Өзіңіз білесіз, облысымызда он алты ұлттық-мәдени орталық бар. Осы орталықтардың тоғызында жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Бұрнағы жылдары жексенбілік мектептер орталықтардың қаржысы бойынша жұмыс істеп келген болса, бүгіндері тілдерді оқыту орталығында мемлекеттік, ағылшын тілдермен бірге өз тілдерін тегін оқиды. Сондықтан да елімізде тұрып жатқан өзге ұлттың өкілдері өздерінің ұлттық тілімен бірге мемлекеттік тілді де білгені жөн деп деп ойлаймыз,– деді бізге облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Айжан Садуақасова.
Фестиваль барысында қатысушы отбасылар өз және мемлекеттік тілде отбасы мүшелерімен таныстырып, ата-тарихын әңгімеледі. Ал, енді "Өнерліге – өріс кең" кезеңінде әр отбасы мүшелері өз өнерлерін жиналған жұртшылыққа көрсетті. Ән айтып, би биледі. Соңғы кезеңде әр отбасы мемлекеттік тілде ән айтты.
Фестиваль лауреаттары атанған Тәжібаев, Запорожану, Қанафиндер отбасылары облыстық тілдерді дамыту бас-қармасының алғыс хаттарымен марапатталып, сый-құрметке ие болды.
Гүлназым
САҒИТОВА