“Ақын деген бір ұлт бар”

Осындай атаумен Әулиекөлде аудандық мәдениет үйі және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, драматург, көсемсөзші-журналист, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің профессоры, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі – Ақылбек Шаяхметтің 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық кездесу кеші өтті.
Кешке аудан әкімі Ерлан Теменов, облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, философия ғылымдарының докторы Қалқаман Жақып, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Зейнолла Жанбыршин, кәсіпкер Төленді Файзуллин және аудандық "Әулиекөл" газетінің ұжымы мен замандастары қатысты. Аталмыш іс-шарада сөз алған аудан әкімі ақынды мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілеп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
– Бүгін ауданымызға белгілі ақын, жазушы, драматург, "Алтын қалам" иегері Ақылбек Қожаұлы Шаяхметов келіп отыр. Осы уақытқа дейін қаламыңыздан қаншама шығармалар туындап, көптеген кітаптарыңыз жарық көрді. Сіздің әдебиет, журналистика саласындағы еңбегіңіз, шәкірт тәрбиелеудегі қызметіңізге ерекше алғыс айтамыз. Деніңізге саулық, еңбегіңізге шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз, – деді Ерлан Олжабайұлы.
Шығармашылық кеште ақын жайлы бейнебаян көрсетіліп, келген қонақтар өз тілектерін жаудырып, "Қостанай" әнінің бейне клипы көрсетілді. Сондай-ақ, тағылымдық басқосуда мектеп оқушылары Ақылбек Қожаұлының өмірі мен шығармашылығы, марапаттары мен қызметі жайында сөз қозғап, ақынның жауһар жырларын мәнерлеп оқыды. Ал, кітапханашылар мен балалар кітапханасының белсенді оқырмандары А.Алтай, П. Ольховская, А. Сартай, Д.Исмаилова А.Тәжікова, И.Искакова, Д.Амирова ақынның шығармаларын орындады. Кеш барысында жұртшылық Ақылбек Қожаұлына көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап та алды. Артынша, А.Шаяхмет көрермендерге сиясы әлі кеппеген өлеңдерін оқып, құнды рухани тәрбие нәрімен сусындатты.
Кеш соңы ақынның сөзіне жазылған Асхат Шыңғысовтың орындауындағы "Әдемі" өлеңімен аяқталды. Екі сағаттан астам уақыт болған әдемі кештің көрінісі көптің көңілінде қалды.
Айдана МАРАТ,
Аудандық мәдениет үйінің әдіскері.
Әулиекөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓