Әкем туралы ой

 55

Жыл өткен сайын майдангерлер қатары  сиреп, олардың балалары біздер есейіп, сол бір сұрапыл соғыс жылдарынан алыстап келеміз. Кезінде балалықпен білмеген шығармыз, бірақ әкелеріміз 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында ерліктің тамаша өнегесін көрсетіп, Отанымызды қорғауда қаһармандықтың небір ғажайып үлгілерін жасаған екен.
Сондай жандардың бірі – біздің әкеміз Ғабдул-Хакім Махметұлы. Сарыөзеннің бойында туып, сол жерде ғұмырының соңына дейін қызмет етті. 1916 жыл туған деп ата-анасы жариялап жаздырып кетіпті. Осы жерде ұйымдастырылған Калинин атындағы ұжымдық шаруашылықтың бас есепшісі болды. Ал колхоздар мемлекеттік шаруашылыққа айналғанда, сол жерде 1960 жылы орнаған Кірпішкөң бөлімшесінің  меңгерушісі қызметін атқарды.
33
Әкеміз сабырлы да салмақты, елдің нағыз жанашыр, ұйытқысы болған адам. Соғыстың алдында да есепші қызметін атқарыпты. Сол кездегі басқарма төрағасы Қажымұрат Ықышовпен де кейінгі басқармалармен де бірге қызмет істеді. Орталығы Кірпішкөң деген жер Сарыөзеннен өтетін атақты «Тақтай көпірдің» жоғарғы жағындағы Степнякқа қарай еді. Кейін аталған шаруашылықтың белгілі бөлімшесіне айналды. Әкемнің өрімдей жас жігіт кезі де осында өткен еді.
1942 жылы қалың көпшілікпен бірге Отан қорғауға Кірпішкөңнен алынды. Ауданнан шақырылған сайдың тасындай жігіттерге жолдан қосылған әкем Сталинград майданынан бір-ақ шығыпты. Одан Прибалтика майданына ауысып, Горький, Смоленск қалаларын қорғады.
Майданнан 1946 жылы оралып, бейбіт өмірге араласты. Анамыз екеуі өмірге үш ұл, үш қыз әкеліп, бағып өсірді. Балаларының барлығына орта және жоғары білім берді.
66
Әкемнің өмірінде істеген қызметі – бір ғана сала, бір ғана бағыт. Ол кісі мінезге бай, сабырлы да, шыдамды жан еді. Барлық өнегелі ғұмырын сол туып-өскен Сарыөзеннің бойында ағайын-туғанның арасында өткізді.
22
Ағайынға қамқорлығы мол, жетім-жесірге, кем-кетікке қайырымды жан болатын. Әкемнің бір жақсы қасиеті – қоғам мүлкіне қол сұғып, сұғанақтық жасамаған адам. Асып-тасуды білмейді, құдайға сыйынып, балаларының тілегін тіліп отырғаны. Ол кісі тақуа, бес уақыт намазын қаза жібермейтін, оразасын ұстап, садақасын беріп келген жан. Өмірінің соңына дейін имамдық қызметін атқарды. Ұзақ жыл өмір сүріп, осыдан 15 жыл бұрын 89 жасқа келіп дүниеден озды.
44
Биылғы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әкем Ғабдул-Хакім Махметұлын кейінгі ұрпақ біле жүрсін, елге, халыққа адал еңбек еткенін өнеге тұта берсін деген ниетте осылайша азды-көпті ойыммен бөлісуді жөн көрдім.  
Жұмабай КӘКІМОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓