Науырзым перзенті
Ол Науырзым өңірінің төлтумасы еді. Махмет Оразалин ауыл молдасынан сауат ашқанымен, толыққанды білімді Омбы қаласындағы рабфакта алды. Махмет оқуды тез меңгеріп, сабақты жақсы оқыды. Үздік бітірді.
Омбыдан туған жерге келісімен жалынды жас жұмысқа араласты. Қоғам ұйымдарына есімі біліне бастады. Сөзге шешен Махмет қай жерде болса да жол тауып, бастама істерін жалғастырып жүрді. Жаңа заманның бағытында болды. Жас болса да ел тағдырын шешуге бел байлады, белсенділік танытып, халық сеніміне кірді. Көп ұзамай партия қатарына өтуге Қостанайға шақырылды.
Облыстық партия комитетінде Махметке партияға алынғанын хабар етті. Хатшы қабылдауында жиналғандар коммунист Махмет Оразалинге сенім артып отырғанын тілге тиек етіп, ең жауапты іс – ауылда тұңғыш ұжым ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен, Махмет Оразалин «Шилі» колхозына төраға болып сайланды. Жаңа шаруашылыққа бірігіп, колхозға ауыл адамдарын топтастырып, артельге мүше етіп, егін салып, мал өсіріп, болашаққа қадам басып, елді қалыптастырып, басты мақсатқа қол жеткізе бастады. Заман талабы – халықты аштықтан құтқару, отбасына мал ұстату халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын көтеру, үкімет талабы да осы еді.
Махмет жанкешті, табанды еңбек етті. Іскерлігі шыңдалды. Ысылған, беделді басшылық қабілеті көрінді. Мұны аңғарған облыс басшылығы оған ірі аудан өңірін ұйымдастырып, қалыптастыру міндетін жүктеді. Табанды еңбек одан әрі жалғасты. Сенімді серіктестерімен бірігіп, білек сыбана қызмет істеді. Өңірдегі тұтасқан қалың елді мекен: Данабике, Тірсек, Жарық, Октябрь, Жалаңаш, Саға, Қарамеңді, Жаркөл, Құмжата, Қайғы және басқалардан 18 колхоз орнады, 18 ауылдық совет құрылып, шекарасымен бекіді. Аудан Науырзым деп аталды.
Махмет аудан орталығын салуға құрылыс бригадаларын ұйымдастырып, жауапты адамдарды жасақтады. Науырзым орманының қарағайлары кесіліп дайындалды, құрылыс алаңдары құрылып, «пилорамды» іске қосты. Күндіз-түні жұмыс қыза бастады. Жан-жақтан мамандар тартылып жатты. Махмет аудан орталығының құрылыс картасын жасатып, көл жағалауына салуға, үйлерді тізбектеп, әсем етіп орналастыруды тапсырды. Келген құрылыс мамандары мектеп, аурухана, клуб, аудандық атқару комитетінің үйін екі-үш айда тұрғызып, салып үлгірді. Осылай қалың орманды қарағай іргесінен кіші қалашық бой көтерді. Жер қойнауына қызығып, алыс-жақыннан көшіп келушілер көбейіп, кең шаһарға айнала бастады. Махмет Оразалин 1928-1930 жылдары Науырзым аудандық атқару комитетін басқарған, тұңғыш рет ұйымдастырушы, талантты коммунист болатын.
1941 жыл. Ұлы Отан соғысы басталды. Отан қорғау үшін азаматтар майданға аттанып жатты. Отан қорғау үшін Махмет өзі әскерге сұранды. Күйзелген халық Махметті жолға шығарып, баяулап барып тоқтады. Әркімді «енді не болмақпыз» деген ой мазалап келеді.
Махмет көпшілікке қарап:
— Ал, халайық, артта қалып барасыңдар, Отан қорғау біздің борышымыз, келешек ұрпақты сақтау керек. Елдегі сіздер бір-біріңізге сүйеу болыңыздар. Бірліктен айрылмаңыздар! – деп бастап біраз жылы сөздер айтты. Махмет балаларының бетінен кезек-кезек сүйіп, қош айтысты. «Жылама, балаларды бақ!» – деп Құндызға қайта-қайта тапсырып жатты.
Сол кеткеннен Махмет Шұбаркөлге барып бір-ақ аялдады. Олар сол жерден бір жарым айдай әскери дайындықтан өтті. Мақаңмен бірге жерлесі, әрі құрдасы Ертай Нұғыманов та болатын. Көп ұзамай олар №267 атқыштар құрамына тіркеліп, Курск майданына бет алды.
Курск түбіндегі шайқас. Бет қаратпас алдыңғы шеп. Рота командирі майор Куликов коммунист Махмет Оразалинді барлаушылар бөлімшесінің командирі етіп тағайындады. Майдандағы алғаш күннің өзінен–ақ кескілескен қан майданның небір қиын-қысталаңын бастан кешті. Ер мінезді, батыл да қайратты Махметті соғыс жетекшілері бағалап, жауынгерлерге басшылықты сеніп тапсырды.
Лейтенант Махмет Оразалиннің барлық жауынгерлері де Отанын, оның ішінде өз Қазақстанын қорғауда табандылық көрсете білді. Олардың әрқайсы қолынан қаншама фашистерді жойып, тұтқындап «тіл әкелді, қару-жарақ қоймалары мен бекіністерін талқандады. Махмет өзі туралы ештеңе айтпады. Майдан баспасөзінен келген газет тілшілері қанша өтініп сұраса да, сөз төркінін көптің ерлігіне бұра берді. Ынтымағы жарасқан коллективтің ерен істерін әңгімелеуден жалықпады.
Көп ұзамай газеттерде «Қазақстан батырлары» деген тақырыппен газеттің бірінші бетінде суретпен берілді.
Сауаты барлар орталық газеттен оқып, Махметтің жерлестері қуанысып қалысты. Оның жеңіспен оралуын бүкіл ел болып асыға күтті. Бірақ соғыс жүріп жатты. Барлық шайқастарда табандылықпен көзге түскен дивизия, оның ішінде ротасы мен взводы Курск, Полтава, Киев, Житомир, Львов қалаларын азат етуге қатынасты. Елден хат алды. Туған бауыры Ахмет ауыр жараланып, ішінде оқ қалған бойы елге оралған көрінеді. Аман қалғанмен еңбекке араласа алмайтын кеміс болғаны, жалғыз бауырының кемістігі қатты батты. Туған балдызы Қоғабай Есентаевты үйге жіберместен, институттан тіке соғысқа аттандырғаны, жалғыз анасы Ұлмекеннің жылаумен күндерін өткізгені көз алдына елестегендей болды. Бәрі де соғыстың, фашистердің ісі екені, одан кек алу, әрбір совет жауынгерлерінің жігерін қайнатты. Жаудың қарсы шабуылын тойтара отырып, совет әскерлері Львов қаласына жақындап келіп қалды. Немістердің қалада алғашқы қарсылық көрсетуі кескілескен ұрысқа айналды. Мұнда қалаға бекінген гитлершілер кеңес жауынгерлерінің қимылына тойтарыс беріп бөгемек болды. Алайда, олардың ойы іске аспады. Көп кешікпей Львов қаласы жаудан тазартылды. Сұрапыл соғыс. Белоруссия деревнялары мен қалаларын фашистерден тазалап, дивизия батысқа қарай жүріп келеді. Шабуыл. Тағы да қуатты шабуыл басталып кетті. Жер бүдірлеп, ауа қара түтінмен ласталды. Соңғы жағдайды түсінген барлаушылардай соғыс шебіне кірді. Ауыр зеңбіректер ентіге гүрсілдеп, «қорқынышты» үніне басты. Оған айқай-шу қосылып, кең аспан асты алақандай ғана болып тарылып кетті. Совет жаяу әскерлері алға уралап лап қойғанда, артиллеристер оларды үздіксіз қолдап оқ жаудырады. Берілместей бекінген дұшпан қатты қарсылық жасап бақты. Олар да табан тіреп күресуге мықтап бел буғанға ұқсайды. Бар күшін салып көпке дейін тегеурінді қарсылық көрсетті. Бір кезде немістер ойламаған жерден бекіністерінен тұра-тұра келіп, қаз-қатар тізілген күйде шабуылға шықты. Біздің жауынгерлер оларды өздеріне жақын жіберіп алып, атуды мақұл көрді. Міне, оқ боратып келе жатқан сап совет жауынгерлеріне тіптен жақын келіп қалды.
Қызыл әскердің пулеметтері дүбірлетіп қоя берді. Олардың әр оғы көздеген жеріне тиіп жатыр. Олардың әр оғы жауын жалтартпай о дүниеге аттандыруда. Себебі бұлардың қолынан шыққан әр оқ жауға деген өшпенділіктің отына қақталған. Ұдайы атыстан қатты қысым көрген жау кері қаша бастады.
Лейтенант Оразалин мен сержант Романовтар ұрысты жалғастыра берді. Басқа взводтың ержүрек жігіттері қаза тапты. Куликов ішіне оқ тиіп, құлап бара жатып:
— Бауырларым, жерлес қазақстандықтарым, бізге де күш келіп қалар, аянбай күресе беріңдер! – деді.
Взвод командирі коммунист Махмет Оразалин бастап жол ашқаны сол еді, жау зеңбіректері атқылап, жер қыртысын бұрқ еткізеді. Аспан құлап, жер төңкерілгендей. Снаряд жарылысы толастамады. Бір сәтте Махмет Оразалин шалқалақтап барып етпетінен құлап түсті. «Елге тірі барсаң Бақытжаным…» деп үзіп, айтты да сөзін аяқтай алмай, қол-аяғын бауырына тартып сылқ ете түсті. Есіл ер осылайша ерлікпен көз жұмды.
Полк командирі В.Куликов жауынгерлердің асқан ерлігімен жауға соққы бере отырып қоршауды бұзып шыққан рота мен коммунист Махмет Оразалиннің жолдастарына Үкімет наградаларын табыс етті. Махмет 1943 жылдың 18 қаңтарында Курск, жерінде қаза болды.
– Махмет Оразалиннің Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы өшпес ерліктерін тізе берсе, бұдан әрі жалғаса түсер еді, – дейді қандыкөйлек жолдасы, аман-сау елге оралған жерлесі Ертай Нұғыманов. – Біз өлімге қарсы тұрдық, оны жеңіп шықтық. Біз Отанымыз Қазақстанды қасық қанымыз қалғанша қорғай білдік. Сендер әкелер даңқын, ерлігін жалғастыруға күш салыңдар.
Махметтің тұңғышы Бақытжан жасынан алғыр, оқуға өте зерек болды. Ұзын бойлы, иықты, сұлу жігіт қатарынан ерекше болып өсті. Отбасы жағдайымен оқи алмай, механизатор курсын бітіріп, еңбекке араласа бастады. Жас болса да бірден-ақ көзге түсіп, ауыл жастарының отызға жуығына тракторист мамандығын алып беріп, үйретіп шығарды. Қазір Айнабек Бимендин, Серікжан Мырзахметов, Жұматай Ескендіров, Қасенғазы Ахметов, Сәкен Сыздықовтар белді механизаторлар, ауыл азаматтары. Совхоз директоры Романов бөлімше басқаруға жас жігіт Бақытжан Махметовті тағайындады. Бақытжан Махметовті бөлімше басқаруға бет бұра бастағанда 1962 жылы 2 маусымда кенеттен қайтыс болды. Қыршын жас 25 шағында дүние салды, екі баласы жетім қалды. Бақытжанның өлімі анасы Құндызға қатты батты. «Орнында бар оңалар» дегендей, Базылжан мен Нұрлан Махметовтер болып ер жетті. Үлкені Базылжан Семиозер ауданының «Тірсек» совхозының бас зоотехнигі қызметінде болса, Нұрлан «Науырзым» совхозында мал маманы болып еңбек етті.
Президент жанындағы халық-аралық ұйымында қызмет атқарған Махметтің немересі Жомарт Махметов Қазақстанның тәуелсіздігін паш етіп, Ресей, Қытай, Украина, Орта Азия, Сингапур және Комбодже елдерінде болды. Махметтің шөбересі Мәди Жаңбыртаев «Назарбаев университетінде» оқып білім алды.
Махметтің немере-шөберелері, туған-туыстары бүгінде өз алдына үлгілі әулет атанды.
Науырзым ауданының орталығы Қарамеңдіде Махмет Оразалинге арнап мемориалдық құрмет тақтасы қойылды.
Жаңбыртай Оразалин.