Зиялылармен жүздесу
"Қостанай таңының" шығармашылық ұжымы ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, қазақтың көрнекті ақыны Қасымхан Бегманов және ақын, аудармашы Әбжан Әбілтаймен кездесті. Зиялылармен жүздесу сұрақ-жауап түрінде жалғасты.
– Бұл жолы Қостанай жеріне танымал ақын Ақылбек Шаяхметтің шығармашылық кешіне қатысу үшін арнайы келіп отырмыз. Бір жағынан, 100 жылдық тарихы бар осынау қарашаңыраққа соғып, өздеріңізбен кездесуді парыз санадық. Қазіргі "Қостанай таңынан" талай марғасқалардың шыққаны белгілі. Солардың ізін жалғап келе жатқан шығармашылық топқа үлкен салмақ түседі. Қазір "Қостанай таңы" аймақтық деңгейде ғана емес, күллі республика оқитындай газетке айналды. Оның бір дәлелі, газеттеріңізде әдебиет жаңалықтары жиі шығып, арнайы беттер жарияланып жатыр. Бұл бәрімізді қуантады, – дейді Ұлықбек Есдәулет.
Ақын Қасымхан Бегманов бірнеше жыл бойы "Дәстүр: кеше, бүгін, ертең" ұлттық жобасымен айналысып жүр. Өткен жылы осы жоба аясындағы экспедициямен Қостанай облысына да келген болатын. Бұған қоса "Мұстафа Шоқай жолымен" атты екі томдық кітап, төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильм дайындады. Ақын сөзінше, төрт-бес жыл бұрын Мұстафа Шоқайды "фашистердің құйыршығы" деп атаған журналистермен соттасқан.
– Қазақтың ұлы тұлғасын қорлағандардың әрекетіне шыдай алмадым. Араламаған архивім жоқ, Мұстафаның әлеміне кіру үшін сегіз елге бардым. Сөйтіп, оның трагедиясын сезіндім. Ал оның әйелі Мария Шоқайды түсіну үшін оны туған шешемдей қабылдадым. Экспедиция жұмыстарында бір емес, бірнеше шоқайтанушылар жанымда жүрді. Кеңес үкіметі Шоқайды аса қауіпті жау санады. Білетіндер бар болар, Сталин "Номер первый враг СССР – Мустафа Шокаев" деген қаулы шығарды. Анығына келсек, Мұстафаның да, Жағда атаңның да жауы – күллі империя. Міне, екіұшты пікір қалмауы үшін қостанайлықтар да дана тұлғамыздың дара істерін білуі керек. Архивке бас сұққан себебім де осы. Баспасөздегі талқылауларға келсек, "Мұстафа Шоқай сатқын болыпты" және "Түркістан легионын құрыпты" дегендерді қазіргі қолда бар фактілер тіптен растамайды. Мария Горина 1958 жылы "Менің Мұстафам" күнделігінде басынан кешкен тауқыметтерін толық жазған. Мария шешеміз соңғы демі қалғанша күйеуіне деген адал махаббатын сақтап өткен. Тағы да айтамын, қазақ халқы барда Мұстафа Шоқайдың есімін қаралауға да жол бермейміз, – деп түйді Қасымхан Бегманов.
Қасымхан ақынның сөзін Әбжан Әбілтай да жалғады. Белгілі баспагердің айтуынша, бұл тақырыптың түйіні әлдеқайда шешіліп қойған. Сол себепті Шоқай туралы алыпқашпа сөздердің, дәлелсіз дәйектердің таралуына нүкте қоятын сәт келді.
Редакцияға келген әдебиет өкілдері тарих, әдет-ғұрып саласында да сөз қозғады. Ақындар журналистердің сұрақтарына жауап беріп, артынша өлеңдерін оқыды.