Ерлігі көпке үлгі
Биыл "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасында Қостанай облысынан 2 адам жеңімпаз атанған болатын. Соның бірі Қостанай ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция лейтенанты Амантай Байжанов еді. Осыған орай, Лисаков қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі бейбіт күннің батыры Амантаймен онлайн-кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның модераторы жобалық кеңсе меңгерушісі Айман Қадырханова кеш қонағымен кездесуді белсенді лисаковтықтарды жұмылдыра қашықтан сұхбат түрінде өткізді.
Мұндай тағылымды іс-шараның мақсаты – табысқа жеткен азаматтармен сұқбаттаса отырып, бәсекеге қабілетті, білікті де білімді азамат болуға тәрбиелеу, туған жері, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың қалай табысқа жеткенін көрсету.
Амантай Қайратұлы кездесу барысында өзінің өмірде қолы жеткен жетістіктерімен бөлісе отырып, елінің сүйікті азаматына айналуына ненің себеп болғаны жөнінде сыр шертті.
Ақпан айында көз көрсетпейтін боран салдарынан екі шақырым жаяу жолаушыларға жол көрсетіп, жүргіншілердің өмірін сақтап қалады. Бұдан бөлек, әріптесімен бірге жалындаған өрттен 15 адамды құтқарған. Ол осылайша нағыз батыр атанды. Амантай Байжановтың бұл ерлігіне тек лисаковтықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үлкен баға беруде.
Еркін сұхбат алаңына айналған онлайн кездесу барысында "Достық" аула клубының мұғалімі Галия Сейітова, волонтер Глеб Футман, Лисаков жергілікті полиция бөлімінің басшысы Тұрағазы Исмағұлов, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Айгүл Хасеновалар кештің құрметті қонағына өздерінің ақжарма тілектерін жаудырды.
– Амантай Байжановтың ерлігі қаламыздың барлық тұрғындары мен жастарына үлгі болады. Бұл мотивациялық кездесудің мақсаты біздің облыстың талантты және еңбекқор адамдары, олардың жетістіктері туралы айту, әсіресе жастарды арнайы жоба жеңімпаздарынан үлгі алуға шақыру, – дейді Айман Қадырханов.
Лисаков қаласы.