Қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Қостанай облысының полиция департаментінде Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылған бірегей істер көрмесі өтті. Мұрағатта қуғын-сүргін жылдарында заңсыз сотталған төрт мыңнан астам адамға қатысты қылмыстық істер бар.
Мұражай сақтаушысы Таңатқан Делмұхамбетовтің айтуынша, қуғын-сүргіннің өршіген кезі – 1937 жылы аталмыш істер бойынша сотталғандарға ең қатаң жазалау шаралары тағайындалған. Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты қылмыстық істердің басым бөлігі РКФСР ҚК-нің 58-бабы бойынша қозғалған. Ол антикеңестік насихаттауға жауапкершілікті қарастырды.
"Ведомствоның арнайы мемлекеттік мұрағатында сақтауда заңсыз сотталған 4 349 адамға қатысты қылмыстық істер бар. Кейіннен олар ақталды. Бұл – біздің еліміздің тарихындағы маңызды күндердің бірі. Біз саяси қуғын-сүргін құрбандарын әрқашан есімізде сақтаймыз", – деді Т.Делмұхамбетов.
Мысалы, мұрағатта Хабибула Башаевқа қатысты қылмыстық іс сақталған. Іспен бірге көрмеге Башаевтың фотосуреттері мен 1937 жылы 27 қазанда жазылған кінәсіз екені туралы арыздың түпнұсқасы қойылған. 1938 жылдың ақпанында КСРО Жоғары Сотының әскери коллегиясымен ату жазасына кесілген, 1958 жылдың 1 наурызында ақталды. Қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақталған адамдар туралы қысқа ақпарат ҚР ІІМ-нің ведомстволық web-порталы "Мемориал" республикалық сервисінде берілген. Оның арқасында еліміздің кез келген азаматы өзінің қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары туралы мәліметтер таба алады. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың адам сотталып, олардың 25 мыңы жазаның ең ауыр түрі – ату жазасына кесілген.
Қостанай облысында ең ауыр жазаға 1 251 адам кесілген, бұл – қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы санының 30%-дан астамы.