Студенттер топ жарды

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің спортшылары жоғарғы оқу орындары арасында өткен 11-ші жазғы универсиадаға қатысып, топ жарды. Жүлделі спортшы студенттер мен бапкерлерді университет қабырғасында құттықтап, сәттілік тіледі.
ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы биылғы жылы спорт жарысын бірнеше қалада ұйымдастырып отыр. Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Тараз, Қостанай қалаларында 11-ші жазғы Универсиаданың туы көтерілген болатын. Универсиада спорттың 36 түрі бойынша өтуде. Аталмыш жарысқа Ахаң атындағы университет спорттың 7 түрінен дайындалып барды. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, президенттік көпсайыс, гір спорты, пауэрлифтинг және грек-рим күресінен сақадай сай болды. Университет командасы президенттік көпсайыс пен пауэрлифтингтен универсиада чемпионы атанғанын мақтанышпен айта кетуге болады. Гір спортында 2 орын алса, ал командалық спорт түрлері: пауэрлифтинг, президенттік көпсайыс және гір спорты, қалған 4 спорт түрінен жастар жеке қатыса алды.
– ХІ жазғы Универсиада спорттың 36 түрінен еліміздің әр түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба екенін айтқым келеді. Универсиада аясындағы жарыстар еліміздің бірнеше қалаларында өтіп жатыр. Біздің оқу орнынан 42 спортшы студент қатысты. Қазіргі уақытта 7 спорт түрінің 5-і аяқталды. Спортшы студенттеріміз үмітімізді ақтап, алтын, күміс медальдарын алып келді. Мұның бәрі де қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында келетіні белгілі. Сондықтан барша жеңімпаздарға айтар алғысымыз шексіз. Жүлделі студенттер келешекте оқу ақысына жеңілдік алулары мүмкін, – деп қуантты университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Азамат Исабаев.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓